Павлодар облысында үйге патронаж қызметі жақсаруда

Патронаж – дәрігер мен мейірбикенің науқасты үйіне барып бақылауы. Яғни қажет болған жағдайда науқас емханаға бармай-ақ, үйіне дәрігерді шақырта алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі балаларға үйде патронаж жүргізетін емханалар жанындағы қызметкерлерге оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Павлодарға универсалды прогрессивті патронаж моделі аясында оқыту үшін халықаралық кеңесші және шебер-тренер Наталья Ким шақырылды. Ол емхана басшыларымен, педиатрлармен және патронаж қызметкерлерімен бірге жүкті әйелдердің денсаулығын қалай жақсарту және нәрестелер арасындағы сырқаттанушылық пен өлім-жітімді азайту жолдарын талқылады.
– Универсалды прогрессивті патронаж моделі Қазақстандағы педиатриялық көмектің ұлттық стандартына енгізілген, – деді Наталья Ким. – Бұл модель ең алдымен отбасымен серіктестік қарым-қатынас орнатуға бағытталған. Патронаж қызметкері тек жүктілік пен баланың денсаулығын бақылап қана қоймай, үйге барғанда отбасы жағдайын түсініп, қалай көмек көрсете алатынын да білуі тиіс.
Бүгінгі таңда емхана жанында жұмыс істейтін патронаж қызметкерлері жүкті әйелге міндетті түрде екі рет және 0-ден 3 жасқа дейінгі баласы бар отбасына сегіз рет барады.
Мамандардың айтуынша, бұл балада ерте кезеңде қандай да бір ауытқу немесе ауру белгілерін анықтау үшін өте маңызды. Сонымен қатар, патронаж қызметкерлері баланың өмір сүріп жатқан әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын тексереді. Бұл жұмыстың ең объективті әрі тиімді түрі – дәл осы үйге бару форматында жүзеге асады.
– Патронаж медбикелері тек үй аралау жұмысымен айналысады, – деп қосты спикер. – Олар үйде болған кезде баланың сөйлеу қабілетін немесе тамақтануын жақсарту үшін түрлі әдістерді көрсетіп, баланы дұрыс емізу техникасын үйретіп, күйзеліске түскен аналарға қолдау көрсете алады. Мұндай патронаж қызметкерлері баланың болашағы үшін отбасына нақты көмек береді.
Осылайша универсалды-прогрессивті патронаж моделі арқылы пациенттер тек медициналық көмек емес, сонымен қатар жүкті әйелдер мен балалық шақтың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау мен сүйемелдеуді алады.