Павлодар облысында ұшақпен ұшу арзандаған

Павлодар облысында ұшақпен ұшу  арзандаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2024 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша елімізде әуе жолаушылар көлігі қызметтерінің бағасы бір айда 1,9% -ға және жылдық мәнде 10,1% -ға өсті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, өңірлер арасында бағаның ең көп айлық өсуі Батыс Қазақстан облысында тіркелді: 7,3%. Бұдан кейінгі орында Шығыс Қазақстан (6,8%) және Маңғыстау (3,8%) облыстары тұр.  

Ақмола, Алматы, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында бағалар қараша айындағы деңгейде қалған. Ал Жетісу, Қарағанды, Жамбыл және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Шымкентте бағаның арзандағаны байқалады. 

Жылдық мәнде әуе жолаушылар көлігі қызметтері бағасының ең көп өсуі Астанада байқалды: 23,9%. Бағаның ең жоғары өсуі Жамбыл облысы (20,7% - ға) мен Шымкентте (19% - ға) тіркелді. 

Ұлытау облысында (3,1% - ға) керісінше баға сәл ғана өскен, ал Жетісу облысында жағдай өзгеріссіз қалған. Қарағанды облысында – 3,4%-ға, Алматыда – 3,3%-ға, Павлодар облысында 11% -ға арзандаған. 

Айта кетерлігі, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда әуе көлігімен жолаушылар тасымалының көлемі 14,7 млн адамды құрады. Бұл – бір жыл бұрынғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 10,6% -ға артық.