Павлодар облысында «Әділет» партиясының сайлауалды штабының жұмысы қорытындыланды
27 қарашада Павлодар қаласында «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының қорытынды отырысы өтті. Жиында 29 қарашаға белгіленген мәслихат депутаттарының сайлауалды науқанының нәтижелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Штабтың мәліметінше, 2–27 қараша аралығында Павлодар облысының 3 қаласы мен 10 ауданында 6166 іс-шара өткізіліп, оларға 301 264 сайлаушы қамтылды.
– Бүгін сайлауалды үгіт-насихат кезеңінің соңғы күніне келіп жеттік. Осы кезеңде бір облыстық және 12 аумақтық штабтың үйлестіруімен аумақтық деңгейдегі 157 кандидаттың, партиялық тізім бойынша 40 кандидаттың және облыстық деңгейдегі 16 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылды. Кандидаттар заң талаптарына сәйкес үгіт-насихат жүргізіп, ақпараттық материалдар таратты, тұрғындардың өтініштері мен талап-тілектерін тыңдады. Келіп түскен ұсыныстар алдағы уақытта қаралатын болады. Жалпы, үгіт-насихат кезеңі нәтижелі өтті деп есептеймін, – деді «Әділет» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай.

Сайлауалды науқанның негізгі мақсаты тұрғындарды партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстыру, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылау және сайлаушылардың ұсыныстарын жинау болды. Осы бағыттағы кездесулер еңбек ұжымдарында, бастауыш партия ұйымдарында, өнеркәсіп кәсіпорындарында және қоғамдық алаңдарда ұйымдастырылды. Сонымен қатар дөңгелек үстелдер, тақырыптық талқылаулар мен пікір алмасулар өткізілді.
Павлодар қаласында кандидаттар «Қазэнергокабель» АҚ және «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымдарымен кездесті. Жиындарда жұмыспен қамту, білікті кадрлар даярлау және өндірістік инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді.
Колледж өкілдерімен өткен кездесулерде техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, педагог мәртебесін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және оқу орындарының жұмыс берушілермен байланысын нығайту мәселелері талқыланды. Ал Ақсу қаласында мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерімен кездесулер өтіп, білім беру қызметтерінің сапасы, мектепке дейінгі тәрбие және педагогтердің қоғамдағы рөлі сөз болды.
Ауылдық елді мекендердегі кездесулердің күн тәртібі жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелерге сәйкес қалыптастырылды. Мәселен, Тереңкөл ауданының Береговое ауылында тұрғындар жолдардың жай-күйі, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігі және ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Партияның 2031 жылға дейінгі жол картасында тоғыз басым бағыт белгіленген. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп» және «Тиімді институттар» бағыттары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, елді мекендерде қауіпсіз орта қалыптастыруға және азаматтардың жергілікті мәселелерді шешуге қатысу тетіктерін дамытуға арналған.
«Қуатты өңірлер» және «Әділ экономика» бағыттары тұрғын үй-коммуналдық, жол-көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта кәсіпкерлікті, инвестициялық қызмет пен агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бағытталған.

Ал «Цифрлық мемлекет» бағыты аясында ауылдық елді мекендерде интернеттің қолжетімділігін арттыру, IT-инфрақұрылымды дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу көзделген.
«Әлеуметтік ынтымақтастық» және «Адам әлеуеті» бағыттары нақты мұқтаждыққа негізделген әлеуметтік көмекті, аға буын өкілдерінің белсенді ұзақ өмір сүруін, инклюзияны, білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларын қамтиды.
«Жаңа мәдениет» бағыты мәдени мұраны сақтауға, кітапхана жүйесін, жастар кеңістіктері мен волонтерлік қозғалысты дамытуға арналған. Ал «Таза Қазақстан» аясында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, елді мекендерді көгалдандыру және кешенді абаттандыру мәселелері қамтылған.

Сайлауалды науқан барысында тұрғындардан барлығы 112 ұсыныс пен өтініш түскен. Оның 37,5 пайызы республикалық, ал 62,5 пайызы жергілікті деңгейде қарауды қажет етеді. Сайлаушылар негізінен елді мекендерді абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және экономикалық мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарын білдірген. Келіп түскен өтініштерді тиісті органдар өз құзыреті шегінде қарауы тиіс.
Кездесулер кезінде кандидаттар мәслихат депутаттарының рөлі мен жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі өкілеттіктері туралы да түсіндірді. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кандидаттардың бағдарламалық ұстанымдарымен танысуға мүмкіндік алды.

Осылайша, облыстық сайлауалды штабтың қорытынды отырысымен үгіт-насихат науқанының ұйымдастырушылық кезеңі аяқталды. Ендігі кезекте 2026 жылғы 29 қарашада облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді.
Тапсырыс беруші: Дычко Н.В.
Павлодар облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.
