Павлодар облысында балабақшалардағы қазақ тілді топтар көбеюде
Биыл 4203 бала балабақшаға қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар қаласы білім беру бөлімінің басшысының орынбасары Жанат Асаинова хабарлады.
– Қазақ тілді топтар жылдан-жылға ақырындап өсіп келе жатыр. Биыл бұл көрстекіш 54,5% құрап отыр. Жалпы қазақ тілде тоғыз мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр, оның ішінде 580-і - өзге ұлт өкілдерінің балалары,–деді Жанат Асайынова.
Оның сөзінше, ерте брондау ағымдағы жылдың 29 мамырынан басталып, 5 шілдеде аяқталды. Жоспар бойынша бір жастан бес жасқа дейінгі 4 600 астам баланы, оның ішінде қазақ тілінде оқытатын топтарға 2,5 мыңға жуық баланы қабылдау жоспарланған
–Баланы кезекке қою, жолдама беру, балабақшаға қабылдау balabaqsha.snation.kz ақпараттық жүйенің көмегімен іске асырылды. Бүгінде 4203 бала жолдама алды, оның ішінде 2152-і – қазақ топ болса, 2051-і – орыс тобы. Балаларды тамыздың басынан бастап балалабақшаларға қабылдап жатыр,– деді спикер.
Бүгінгі таңда кезекте 0-ден 3 жасқа дейінгі 5 мыңға жуық бала тұр. Оның ішінде бір жасқа дейінгі бала саны - бір мыңға жуық, 1-ден 3 жасқа дейін - төрт мыңнан астам бала тіркелген. Алайда, жүйеде 1700-ден астам бос орын бар, оның ішінде жеке меншік балабақшаларға тұрған балғындар саны – 247.
Сондай-ақ, сапалы мектепке дейінгі білім алу үшін тең мүмкіндіктер жасау мақсатында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, көп балалы отбасылардан шыққан балалар балабақшаға тегін баруға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ,балабақшаларда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасалуда: үй-жайлар таңбалаумен жабдықталып, кіреберісте дыбыстық маяктар орнатылған, баспалдақтағы бірінші және соңғы сатылар ерекше түстермен белгіленген, 17 балабақша пандустармен жабдықталған.