Павлодар облысында әйелдер волейболынан ауданаралық турнир өтті
Спортшылар Железин ауданы әкімінің кубогын сарапқа салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әйелдер командалары арасындағы жарыс Железин ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің залында өтті. Турнирге Май, Ақтоғай, Железин және Павлодар аудандарының, сондай-ақ Екібастұз қаласының командалары қатысты.
Жарыс басталар алдында Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов волейболшыларға сәттілік тіледі.
Спортшылар жақсы физикалық дайындықтарын, командалық үйлесімділіктерін және жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Оларды жанкүйерлер де белсенді қолдады.
Тартысты бәсекеде Екібастұз командасы қола жүлдеге ие болды. Екінші орынға Павлодар ауданының спортшылары тұрақтады. Ал жарыстың жеңімпазы атанған алаң иелері – Железин ауданының волейболшылары бас жүлде, яғни аудан әкімінің кубогын жеңіп алды.
Төрешілер алқасы қатысушылардың техникалық және тактикалық дайындығына жоғары баға берді. Осындай жарыстарды облыстың басқа аудандарында да өткізу жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта екі топтың жүлдегерлері шешуші кездесулерде өзара бақ сынап, Павлодар облысы әкімінің кубогын сарапқа салатын болады.