Павлодар облысында өндіріс пен инвестиция өсті

Павлодар облысында өндіріс пен инвестиция өсті
Фото: Валерий Бугаев

Өңірде барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 11 айдағы қорытындылары мен ағымдағы жылғы қаңтар-желтоқсан айларындағы күтілетін нәтижелер қаралды. Аймақта негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталған. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,8 пайызды құрады.

Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,5 триллион теңгеден асты, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,9 пайызға өскен. Өсу сумен жабдықтау, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ электрмен қамтамасыз ету салалары есебінен қамтамасыз етілді. Қалалар мен аудандарда көрсеткіштердің төмендеуі тіркелген жоқ. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі төрт триллион теңге деңгейінде болады деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 8,2 пайызға өсіп, 523,2 миллиард теңге болды. Жыл қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 107,3 пайыз деңгейінде болжануда.

Өңір экономикасына 1,1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, өсім 150,1 пайызды құрады. Жыл соңына дейін инвестициялар көлемін 1,2 триллион теңге деңгейінде қамтамасыз ету жоспарлануда.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 398,8 миллиард теңгеге жетіп, 21,4 пайыз өсім көрсетті. 395 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдық жоспарды орындау үшін әлі де 175 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қажет.

Ішкі сауда көлемі 17,2 пайызға өсіп, 1,9 триллион теңге болды. Бөлшек сауда айналымы жеті пайыз, көтерме сауда 25 пайыз өскен. Көлік және байланыс салаларындағы өсім сәйкесінше 9,7 пайыз және 9,1 пайызды құрады.

15 желтоқсанда облыс кірістері 95,3 пайызға, шығыстары 89,6 пайызға орындалды. Жыл қорытындысы бойынша бюджеттің орындалуы 97,8 пайыз деңгейінде болжануда.

Аймақ басшысы әкімдер мен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджеттік қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық төлемдер 29 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.

Келер жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде басым бағыттағы шығыстарды ескеру, күрделі және стратегиялық жобаларды қаржыландыруды нақты әрі экономикалық тұрғыдан негіздеу міндеттелді. Жергілікті атқарушы органдар резервтерін төтенше жағдайлардың нақты тәуекелдерін ескере отырып жоспарлау қажет.

Облыс әкімі инфрақұрылымдық нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларын аяқтау, Павлодар мен Екібастұздың арнайы индустриалды аймақтарын дамыту, облыстық филармонияға күрделі жөндеу жүргізу және музыкалық жабдықтарын жаңарту бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Барлық тапсырмалар белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Бақылау қатаң болады, – деді Асайын Байханов.

Кәсіпкерлік және сауда, ауыл шаруашылығы басқармаларына қала және аудан әкімдерімен бірлесіп жаңа жылдық жәрмеңкелер ұйымдастыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылауды күшейту тапсырылды.