Павлодар облысында 300-ге жуық нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделеді

Нысандарға тексерістер жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазіргі уақытта ҚР 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Павлодар облысында 743 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді. 2025 жылдың соңына дейін тағы 299 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 321 білім беру нысаны, 173 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымы, 87 спорт нысаны, 76 денсаулық сақтау объектісі, 42 мәдениет нысаны, 32 сауда нысаны мен ойын-сауық орталығы, 12 әлеуметтік қорғау объектісі қолжетімді болды.
– Біз мүмкіндігі шектеулі жандар үшін емханаларға еш қиындықсыз кіре алу өте маңызды. Қазір бұл шындыққа айналды. Мысалы, біздің қалада №3 және №4 қалалық емханалар мен «Мойылды» шипажайы бейімделген, – деп ойымен бөлісті бірінші топтағы мүгедектігі бар Павлодар қаласының тұрғыны Ерлан Құрманғазин.
Бұдан басқа, Павлодар облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті 2025 жылдың басынан бастап профилактикалық бақылау шеңберінде алты және жоспардан тыс бақылау шеңберінде бір тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы жеті нұсқама енгізілді.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.