Биыл Екібастұзда көпқабатты жеті тұрғын үй бой көтереді
Бүгінде оның үшеуінде құрылыс жұмысы басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы кеншілер шаһарының басшысы Аян Бейсекин мәлімдеді.
- Ел Үкіметі мен облыс әкімі Асайын Байхановтың ерекше қолдауының арқасында өңірде тұрғын үй құрылысын белсенді түрде дамытуды жалғастырып келеміз. Жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Оның ішінде жеңілдетілген мемлекеттік несиелік тұрғын үй бағдарламасы аясында көпқабатты 7 тұрғын үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Оның 3-еуінде құрылыс жұмыстары басталып кетті, - деді ол.
Екінші бағыт әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үй. Биыл Екібастұзда халықтың әлеуметтік осал санатына жататын азаматтар үшін салынатын тұрғын үй құрылысы да жалғасын табатын болады.
- Іске асырудың заңнамалық тетіктері өзгергеніне қарамастан, бұл бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыруға ниеттіміз. Биыл кезекте тұрған азаматтарға 400-ден астам пәтер беруді жоспарлап отырмыз, - деді шаһар басшысы.
Бұдан бөлек, жеке инвестициялар аясындағы тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда. Аян Бейсекин өңірдегі қолайлы инвестициялық ахуал мен нарықтағы сұраныстың артуының арқасында көптеген құрылыс компаниялары құрылыс бастамаларын ұсынып отырғанын тілге тиек етті.
- Бұл – жақсы көрсеткіш. Себебі бұдан 3–4 жыл бұрын жағдай мүлдем керісінше болған еді.Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, біз жер телімдерін ұсынып, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қатысты ұйымдастыру мәселелерін шештік. Биыл көпқабатты 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Алдағы үш жыл ішінде жеке бастамалар аясында 20-дан астам көпқабатты тұрғын үй салу көзделген, - деді ол.
Ал квазимемлекеттік қала құраушы кәсіпорындар мамандарына арналған несиелік тұрғын үй бойынша былтыр Павлодар облысының әкімдігі мен Самрұқ-Энерго арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Меморандум аясында қала құраушы кәсіпорындардың қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа тұрғын үйлер салу жоспарланған. Жалпы ауданы 23 мың шаршы метр болатын жобаны іске асыруды ағымдағы жылдың екінші тоқсанында бастау жоспарлануда.
Аян Бейсекин сөз соңында қаладағы тұрғын үй құрылысының қарқынын жыл сайын арттыра беретін айтты.