Павлодар облысында 500-ден астам көміртек газын анықтайтын датчиктер орнатылды

Датчик шағын құрылғы болғанымен, үлкен қауіптің алдын алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаровтың айтуынша, құтқарушылардың тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік осал топтар тұратын үйлерге қауіпсіздік улы газды анықтау датчигін орнату. Облыс бойынша 550-ден астам көміртек газын анықтайтын датчиктер орнатылған.
Бұл қарапайым құрылғылар газдың қауіпті деңгейін анықтап, дыбыстық сигнал арқылы тұрғындарға алдын ала ескертеді. Көп жағдайда дәл осындай сенсорлы датчиктер адамдардың өмірін сақтап қалып отыр.
– Мұндай датчик шағын құрылғы болғанымен, үлкен қауіптің алдын алады. Әсіресе пешпен жылытылатын ауылдық үйлерде өмірлік маңызды құрал, – деді Берік Омаров.
Бұл ретте, департамент қызметкерлері төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын заманауи техника мен арнайы құрал-жабдықтарды таныстырды.
Материалдық-техникалық база да айтарлықтай нығайған.
– Республикалық бюджет есебінен жеті жаңа өрт сөндіру-құтқару көлігі, ал жергілікті бюджеттен Toyota Hilux жедел автокөлігі мен «ГАЗель» жүк көлігі алынды, – деді басқарма бастығының орынбасары.
Берік Омаровтың айтуынша, 165 бірлік арнайы құрал-жабдық, электр генераторлары, бейнетіркеу құрылғылары, мотопомпалар және жаңа үлгідегі киім сатып алынды.
Айта кетерлігі, осы жылдың басынан бері өңірде төтенше жағдайларға 3186 рет қоңырау тіркелген, оның 541-і – нақты құтқару операциялары. Соның нәтижесінде 196 адам, оның ішінде 19 бала аман қалған.