Павлодар облысында 8 наурызға орай көпбалалы аналарға біржолғы төлем берілді

Павлодар облысында 8 наурызға орай көпбалалы аналарға біржолғы төлем берілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әлеуметтік көмектің мөлшері бес айлық есептік көрсеткішті құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көпбалалы аналарға біржолғы әлеуметтік төлем жасалды.

– Төлем облыстың қалалары мен аудандарының жергілікті өкілді  органдарының шешімі негізінде жүргізілген. Біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері 5 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Биыл оның көлемі 21 625 теңге болды, – деді басқарма өкілдері. 

Ағымдағы жылы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен 500-ден астам көпбалалы ана аталған қолдауға ие болды.