Павлодар облысында АИТВ инфекциясын тіркеу көрсеткіші төмендеді
Өңірде аталмыш инфекцияның артифициалды, трансфузиялық және вертикалды жолмен берілуі тіркелмеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталықтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері Павлодар облысында АИТВ инфекциясының 81 жаңа жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35 жағдайға аз. Бүгінде 2488 адам диспансерлік бақылауда тұр. Антиретровирустық терапиямен қамту деңгейі 99%-ды құрады.
Өңірде АИТВ инфекциясын алдын алу саласындағы маңызды жетістік сақталуда – алғаш рет анықталған жағдайлар арасында АИТВ инфекциясының артифициалды, трансфузиялық және вертикалды жолмен берілуінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Сонымен қатар, АИТВ инфекциясының гетеросексуалдық жолмен берілуі 10 жағдайға, гомосексуалдық жолмен берілуі 8 жағдайға, парентералдық жолмен берілуі 10 жағдайға төмендеді.
Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Алты ай ішінде облыстық АИТВ инфекциясын алдын алу жөніндегі орталығының мамандары 160-тан астам профилактикалық іс-шара өткізді. Іс-шараларға 10 266 адам қатысты, оның ішінде білім беру саласында – 7 933 адам, денсаулық сақтау саласында – 1 561 адам қамтылды. Жастар денсаулық орталықтарымен, медициналық ұйымдармен, кәсіпорындармен және үкіметтік емес ұйымдармен белсенді ынтымақтастық жалғасуда.
– Халықтың негізгі топтарына жататын өкілдер арасында профилактикалық жұмысты жүргізу біздің басым бағыттарымыздың бірі болып қала береді. Біз байланысқа дейінгі профилактика (БДП, PrEP) қызметтерінің қолжетімділігін едәуір кеңейте алдық. Бүгінде консультациялық қабылдау медициналық ұйымдарда ғана емес, сондай-ақ жұмыс уақытынан тыс уақытта үкіметтік емес ұйымдардың базасында да ұйымдастырылған. Мұндай тәсіл профилактикалық қызметтердің қолжетімділігін, қолайлылығын және құпиялылығын арттырып, байланысқа дейінгі профилактикамен қамтуды ұлғайтуға және АИТВ инфекциясының профилактикасы шараларын сақтауға бейілділікті арттыруға ықпал етеді, – деді орталық басшысының орынбасары Бақыт Жанахметова.
Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу жөніндегі орталығының мамандары атап өткендей, қол жеткізілген нәтижелер денсаулық сақтау ұйымдарының, үкіметтік емес сектордың, білім беру ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғам өкілдерінің үйлесімді өзара іс-қимылының арқасында мүмкін болды.
Кешенді профилактикалық жұмыс екінші жартыжылдықта да жалғасады. Басым міндеттердің қатарында халықтың АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша хабардарлығын одан әрі арттыру, заманауи профилактикалық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту және өз денсаулығын сақтауға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру бар.
Серіктестік материал
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі №25041438 лицензиясы 31.12.2025 жылы берілген. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі.