Павлодар облысында алдағы аптада сынап бағаны төмендейді
Аптап ыстықтың орнын қоңыр салқын басады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК мамандарының мәліметінше, жоғары температура тек 16 тамызда сақталады. Синоптиктердің болжамына сүйенсек, облыстың батысы мен солтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел болатынын болжайды. Түнде ауа температурасы +15...+20°C, күндіз +30...+35°C болады. Облыстың батысы, солтүстігі мен шығысында желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.
17 тамызда түнде ауа температурасы +12...+17°C, күндіз +20...+28°C болады.
18 тамызда ауа температурасы одан әрі төмендейді: түнде +10...+15°C, күндіз +17...+22°C.
19 және 20 тамызда күн одан әрі салқындайды. Түнде +7...+12°C, күндіз +15...+20°C күтіледі. Жел оңтүстік-шығыс бағытқа ауысып, облыстың басым бөлігінде секундына 15-20 метрге дейін екпіндейді.
21 тамызда жауын-шашын өңірдің солтүстігі мен шығысына ауысады. Бұл аймақтарда жаңбыр, найзағай және тұман болуы мүмкін. Түнде ауа температурасы +5...+10°C, күндіз +17...+25°C болады.