Павлодарда медицина мамандары заманауи симуляциялық кабинетте тәжірибеден өтуде

Павлодарда медицина мамандары заманауи симуляциялық кабинетте тәжірибеден өтуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінгі күнге дейін 300-ге жуық ақ желеңді білімін арттырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Перинаталдық орталықты жаңғырту аясында заманауи симуляциялық кабинеті ашылды. 2025 жылдң маусым айынан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықтың жұмысымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков арнайы барып танысты.

— Биыл сәуір айында жергілікті бюджет қаражаты есебінен 30 миллион теңгеге заманауи жабдықтар сатып алынды. Бұл бүкіл өңірдегі акушерлік қызмет мамандарының практикалық даярлығын жетілдіруге мүмкіндік берді. Мұнда акушер-гинекологтар, неонатологтар, анестезиолог-реаниматологтар және медицина мейіргерлері оқудан өтеді, - делінген хабарламада.

Арнайы манекендерде мамандар нақты клиникалық жағдайларға барынша жақындатылған ортада практикалық дағдыларын жетілдіреді. Оқу бағдарламасына шұғыл көмек көрсету, асқынған босануды жүргізу, қан кетуді тоқтату, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізу, кеңірдекті интубациялау және басқа да медициналық процедуралар кіреді. Ана мен баланың өміріне қауіп төндіретін сындарлы жағдайлар кезінде командалық жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Қатысушылар төтенше жағдайлар туындаған кезде өзара іс-қимыл алгоритмдерін жетілдіреді.

Дәрігерлердің айтуынша, оқыту тек перинаталдық орталық қызметкерлері үшін ғана жүргізілмейді. Мобильді симуляциялық манекендер мен портативті жабдықтардың арқасында тренерлер облыстың медициналық ұйымдарына барып, практикалық даярлықты сол ұйымдардың базасында өткізе алады. Жақында Екібастұз қалалық ауруханасында тренинг өткізілді, ал алдағы уақытта Ақсу қалалық ауруханасында оқыту жоспарланған.

Жыл басынан бері барлығы 78 тренинг өткізіліп, оған облыстың медициналық ұйымдарынан 84 дәрігер және орта медициналық білімі бар 193 маман қатысты.

Алдағы уақытта материалдық-техникалық базаны және симуляторлар паркін кеңейту, клиникалық сценарийлер санын арттыру, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарымен, колледждермен және басқа бейіндегі ауруханалармен ынтымақтастықты дамыту жоспарланып отыр.