Ақсу электр станциясы электр энергиясын өндіруде тарихи нәтижеге қол жеткізді

Ақсу электр станциясы электр энергиясын өндіруде тарихи нәтижеге қол жеткізді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өндірілген электр энергиясының жалпы көлемі 700 миллиард кВт-сағатқа жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

ERG құрамындағы «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның (ЕЭК) Ақсу электр станциясы тарихи көрсеткішке қол жеткізді: 1968 жылы іске қосылғаннан бері өндірілген электр энергиясының жалпы көлемі 700 миллиард кВт-сағатқа жетті.

Бұл нәтиже кәсіпорынның алпыс жылға жуық тұрақты жұмысының және бірнеше буын энергетиктердің ерен еңбегінің жемісі. Өндіріс көлемі электр станциясы пайдалануға берілген күннен бастап үздіксіз есепке алынып келеді. Бұл негізгі өндірістік көрсеткіштерді дәл тіркеуге мүмкіндік береді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша мамандар бұл межеге 2026 жылы жетеді деп болжаған болатын. Іс жүзінде көрсеткіш 9 наурыз күні орындалды.

– 700 миллиард кВт-сағатқа жету – Қазақстан энергетикасы үшін маңызды оқиға. Бұл – өнеркәсіп пен халықты сенімді электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған мамандардың көпжылдық еңбегінің нәтижесі, – деді ERG-дің «Энергетика» дивизионының бас операциялық директоры Дүйсен Мерғалиев.

2026 жылдың басынан бері электр станциясы жоғары жүктемемен жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта жеті энергоблок (№1–6 және №8) жұмыс істеп тұр, ал №5 энергоблокта күрделі жөндеу жүргізілуде.

– Ұжым үшін бұл – ортақ жетістік әрі мақтаныш. Бұл нәтиже әр қызметкердің үлесін көрсетіп, алдағы дамуға серпін береді, – деді Ақсу электр станциясының операциялық директоры Данияр Шабанбаев.

Өндірістік көрсеткіштердің тұрақтылығы жоспарлы жөндеу жұмыстары, жабдықтарды жаңғырту және қызметкерлердің жоғары біліктілігі арқасында қамтамасыз етілуде. Соңғы жылдары №1, №3 және №4 энергоблоктар ішінара жаңғыртылды. Ал №2, №5 және №6 блоктар толық қайта жаңғыртылып, әрқайсысының қуаты 25 МВт-қа артты. Бұл электр станциясының тиімділігін арттырып, отын шығынын азайтуға мүмкіндік берді.

Ақсу электр станциясы орнатылған қуаты бойынша Қазақстанда екінші орында және елдің энергетикалық жүйесіндегі негізгі кәсіпорындардың бірі болып қала береді.

Қазіргі уақытта станцияда даму жобалары жүзеге асырылуда. Соның ішінде №7 энергоблокты жаңғырту жобасы бар. Жаңартылған жабдықты 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл станция қуатын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.