Павлодар облысында алты жүзден астам ардагерлер ұйымы жұмыс істейді
Өңірде барлығы 126 мыңнан астам егде жастағы азамат тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен облыстық ардагерлер кеңесінің IX есептік-сайлау конференциясында облыс әкімі аға буынға қамқорлық көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Маңыздысы – тек көңіл бөлу емес, нақты нәтижелер. Соңғы жылдары әлеуметтік қолдау айтарлықтай күшейді. Облыста зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 40 пайыздан астамға өсті, – деді Асайын Байханов.
Төмен зейнетақы алатындар мен 80 жастан асқан азаматтарға біржолғы төлемдер қарастырылған, көптеген қайырымдылық жобалар іске асырылуда. Мәселен, «Қамқорлық» акциясы аясында алты мыңнан астам павлодарлық қарт көмек алды, тағы 20 мыңнан астам адам Қарттар күніне орай қолдау көрді.
«Күміс жас» жобасы да өзінің тиімділігін көрсетті – соңғы үш жылда екі мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылса, биыл тағы 375 адам қамтылды. Мұндай жобалар жұмыспен қамтумен қатар, қоғамда белсенді әрі сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді.
Адам өмірінің сапасы көп жағдайда медициналық қызметтің деңгейіне байланысты. Ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 30 денсаулық сақтау нысаны салынды, ауылдық округтердегі санитарлық көлік толық жаңартылды.
Павлодар облысында оңалту және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Ардагерлер үйі» қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығы бір жарым мыңнан астам тұрғынды қабылдайды.
Жалғызбасты зейнеткерлер үшін екі тұрақты тұру орталығы жұмыс істейді, онда шамамен 300 адамға көмек көрсетіледі. Биыл Павлодардағы оңалту орталығына реконструкция жүргізіледі.
Облыс орталығында «Замандас» демалыс орталығы мен ұзақ өмір сүру орталығы табысты жұмыс істеп келеді. Осындай орталық 2025 жылдан бастап Шарбақты ауданында да ашылды.
– Біз егде жастағы адамдарға белсенді өмір сүруге жағдай жасауды жүйелі түрде жалғастырып келеміз, – деді өңір басшысы. – Фестивальдер, байқаулар, шахмат турнирлері, спартакиадалар мен туристік слеттер – адамдарды біріктіретін энергия.
Ертіс ауданында 2742 зейнеткер 31 бастауыш ұйымға біріктірілген, бұл аудан халқының шамамен 19 пайызы. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Нұрғазиновтың айтуынша, олар жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге үлкен үлес қосып келеді.
– Біздің «Атамұра» клубында түрлі үйірмелер бар, оған егде жастағылар белсенді қатысады, – деді Бауржан Нұрғазинов. – Біз қызықты шаралар өткізіп, облыстық спорттық және мәдени іс-шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрміз.
Жалпы, Павлодар облысында 90-нан астам түрлі үйірме мен қызығушылық клубтары жұмыс істейді, олар 2500-ге жуық егде жастағы адамды біріктіреді.
Еске салайық, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ауысты. Ұйымды ұзақ жыл басқарған Рымтай Шөкейұлының орнына қалалық ардагерлер кеңесінен келген Кенже Кенесбаев сайланды.