Павлодар облысында «алтын» жобасы қашан іске асырылады?
Облыс әкімі Асайын Байханов «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиында «Құрамында жоғары көміртекті сульфидті алтын бар концентраттарды қайта өңдеудің гидрометаллургиялық цехы» инвестициялық жобасын іске асыру жоспарларын талқылады.
Асайын Байханов әлеуетті инвесторларды облыста бизнес жүргізудің артықшылықтарымен, сондай-ақ, өңірдің инвестициялық саясатымен таныстырды.
Атқарушы директор Виталий Несис аталмыш инвестициялық жоба шикізатты өңдеудің ең экологиялық қауіпсіз технологиясын қолданатын Орталық Азиядағы жалғыз кәсіпорын екенін айтты.
Құрамында алтын, күміс, мыс бар концентраттарды қайта өңдеу бойынша екі кәсіпорын салу көзделіп отыр, онда озық технология – автоклавты шаймалау пайдаланылатын болады.
Негізгі өнімі алтын-күміс қорытпасы болып табылатын өндіріс өңірде орналасатын болады, одан кейін тазарту және «Бағалы металдар туралы» Заңға сәйкес ҚР Ұлттық банкі өткізу үшін аффинаж зауыттарына жіберіледі.
Инвестициялық жоба «Павлодар» АЭА аумағында 227,9 га учаскеде іске асырылуда. Барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жобаны іске асыру мерзімі – 2023-2028 жылдар. Инвестиция көлемі – 930 млн. доллар немесе 465 миллиард теңге, жұмыс орындары – 500 адам. Өндіріс көлемі – жылына 300 мың тонна концентрат, оның ішінде жылына 15 тонна алтын.
Өңір басшысы жобаның басымдылығын атап өтіп, оны табысты іске асыру үшін бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, кездесуде өнімді тасымалдау және сақтау мәселелері де талқыланды.