Павлодарда балалар ата-аналарына арнап мерекелік кеш ұйымдастырды

Павлодарда балалар ата-аналарына арнап мерекелік кеш ұйымдастырды
Иллюстрация: ЖИ

Отбасы күні қарсаңында тәрбиеленушілер жақындарына ән айтып, өлең оқып, өздері түсірген фильмдерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында «Отбасы – бақыт мекені» атты мерекелік шара өтті. Кездесу ата-аналар үшін ашық есік күні форматында ұйымдастырылды.

Қазір орталықта үш пен 18 жас аралығындағы 59 бала тұрады. Олардың арасында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар бар.

Кездесу кезінде ата-аналар балаларының қандай жағдайда тұрып жатқанын көрді. Оларға жатын және ойын бөлмелері, кабинеттер, медициналық блок пен асхана көрсетілді.

Тәрбиеленушілер де жақындарына арнайы бағдарлама дайындады. Балалар ән айтып, өлең оқыды. Сондай-ақ жазғы лагерьде өздері түсірген екі фильмді көрсетті.

– Бүгін ата-аналарға балалардың қандай жағдайда тұрып жатқанын көрсеттік. Балалар да ең жарқын нөмірлерін дайындап, концерт қойды. Жазда лагерьде өздері түсірген екі фильмін де ұсынды, – деді орталық басшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айман Сүлейменова.

Шараға орталықтың қамқоршылық кеңесінің мүшелері, қоғам өкілдері мен мекеме басшылығы қатысты.

Айман Сүлейменованың айтуынша, мұндай кездесулердің мақсаты мерекелік бағдарлама өткізумен шектелмейді. Олар балалар мен ата-аналар арасындағы байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Орталық мамандары ата-аналарға балаларын отбасына қайтаруға да көмектеседі.

– Ата-аналарға құқықтарын қалпына келтіруге, қажетті құжаттарды жинауға жан-жақты көмек көрсетіледі. Балалар отбасының қадірін білсе, ата-аналар өз балаларының қаншалықты талантты әрі ерекше екенін көрсін дейміз. Бүгін келген ата-аналардың жағдайы түзеліп, балаларын үйлеріне алып кетуіне тілектеспіз, – деді ол.

Мерекелік кеш тәрбиеленушілерге өз өнерлерін көрсетіп қана қоймай, жақындарымен бірге уақыт өткізуге мүмкіндік берді.

Қазақстанда Отбасы күні қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтеді. Биыл мереке 13 қыркүйекке сәйкес келеді.

Фотосуретті ұйымдастырушылар ұсынды