Павлодар облысында арқарлардың саны көбейген
Бұл жануарлар үшін алаңдаушылық факторларының жоқтығын көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мемлекеттік инспекторлары 2024 жылдың 22-25 тамызы аралығында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жабайы тұяқтылар – арқар мекендейтін жерлерде санақ және мониторинг жүргізген. Оған ҚР БҒМ ҒЗИ зоология институты жанындағы ғылыми қызметкерлер, «Охотзоопром ҚБ» РМҚК инспекторлары қатысқан.
– Санақ Баянауыл және Май аудандарында, «Қызыл тау» мемлекеттік табиғи қорығы мен Баянауыл мемлекеттік ұлттық саябағы аумағында жүргізілді. Ұлттық саябақтың есебі бойынша арқарлардың саны 771 басқа жеткен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға артық, – дейді инспекцияда.
Мамандардың айтуынша, жануарлар мекендеу орындарында өздерін еркін ұстаған, бұл олар үшін алаңдататын факторлардың жоқтығын көрсетеді.
Сирек кездесетін тұяқтылар мен киіктерді қорғау жұмыстарын Баянауыл ұлттық саябағы, «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорны және инспекция қызметкерлері тұрақты түрде жүргізеді.