Павлодар облысында ауыл шаруашылығын қолдаудың жаңа тетіктері енгізілуде

Павлодар облысында ауыл шаруашылығын қолдаудың жаңа тетіктері енгізілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдері өзгеріп, биыл салаға 33,6 миллиард теңге бағыттау көзделген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы жылы Павлодар облысының агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 33 миллиард 663 миллион теңге қарастырылған. Негізгі басымдық жеңілдетілген қаржыландыруға, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, суару жүйесін дамытуға және еңбек өнімділігін арттыруға беріліп отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы бұл мақсаттарға барлық деңгейдегі бюджеттен 57 миллиард 540 миллион теңге бөлінген.

Қаражат бірнеше бағыт бойынша бөлінеді. Олардың қатарында жеңілдетілген несие беру, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, инвестициялық қолдау, мал шаруашылығы мен тұқым шаруашылығын дамыту, агрохимиялық іс-шаралар бар.

Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 5 миллиард 129 миллион теңге, жеңілдетілген несие беруге 8 миллиард теңге қарастырылған. Тағы шамамен 4,8 миллиард теңге инвестициялық субсидиялауға бағытталды.

Мемлекеттік қолдау жүйесіндегі өзгерістер ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа міндеттерімен байланысты. Негізгі мақсаттардың қатарында еңбек өнімділігін екі есе арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын үш есе ұлғайту және ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен кемінде 90 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету бар.

Шаруашылықтарды техникалық қайта жарақтандыру да негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Жеңілдетілген лизинг және мемлекеттік қолдаудың басқа да тетіктері арқылы мамандар жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының шамамен 7 пайызын жаңартуды жоспарлап отыр.

Өзгерістер өсімдік шаруашылығына да қатысты. Бұл бағытта өнімділікті арттыруға, сапалы тұқым сатып алуды қолдауға және тұқым шаруашылығы кәсіпорындарын жаңғыртуға басымдық берілуде. Сонымен қатар өңірде суармалы жерлердің көлемін ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. Маусым ішінде минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі 150 мың тоннаға жетті.

Мал шаруашылығында заманауи селекция әдістерін енгізуге, жемшөп өндірісін және жайылым инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының санын арттыруға көңіл бөлінуде.

Қолдаудың тағы бір тетігі – инвестициялық жобаларға өз қаражатын салған кәсіпкерлердің шығындарының бір бөлігін өтеу. Бұл ретте қаржыландырудың жаңа механизмдері мемлекеттік көмекті өндірісті дамытуға және нақты нәтижеге неғұрлым тығыз байланыстыруды көздейді.

Алдағы уақытта құрылымдық өзгерістер өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, еңбек өнімділігін көтеруге, шаруашылықтарды жаңғыртуға және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс.