Павлодар облысында ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция артуда

Павлодар облысында ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция артуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Былтыр осы салаға 300 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Шүкірова мәлім етті.

– Ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі тұрақты түрде өсуде. Облыста соңғы екі жылда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 290 миллиард теңгені құрап, республика бойынша екінші орынды сақтап қалды. Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша 7,6 пайызға өсіп, 26,5 миллиард теңгеге жетті,– деді спикер. 

Биыл төрт бағыт бойынша 56, 4 миллиард теңге сомасына отыздан астам жобаны іске асыру жоспарлануда.

– Агроөнеркәсіп саласына 2026 жылға дейін құны 130 миллиард теңгеге 65 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Биылғы жоспарланған 35 жоба ішінен үшеуі іске асырылды. Атап айтқанда, Аққулы ауданында 10,5 мың тонна және Екібастұз қаласының ауылдық аймағында 9,6 мың тоннаға көкөніс сақтау қоймасы ашылды. Сондай-ақ, Ақтоғай ауданында суармалы учаске бойынша жоба іске асырылды, – деді Сәуле Шүкірова.

Сүт өндірісін дамыту бағыты бойынша жыл соңына дейін жалпы сомасы 28,4 миллиард теңгеге алты тауарлы сүт фермасы ашылады. Бүгінгі таңда 800 импорттық ірі қара мал әкелінді.  

Суармалы жерлерді енгізу мәселесіне қатысты 10,6 мың гектар жерде 15 жоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Бұл бағытта 11,5 миллиард теңге қарастырылады. Қазіргі таңда 20-дан астам жаңбырлатқыш машина сатып алынып, 7,5 миллиард инвестиция салынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары және сорғы станцияларын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау жобалары да қалыс қалмайды. Биыл 10 көкөніс сақтау қойманы ашу көзделген, оның ішінде екі қойма салынды. Қуаттылығы 88,7 мың тоннаны құрайтын көкөніс сақтау қоймаларына 10 миллиард теңге құйылады. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 2,2 миллиард теңге сомасына төрт жобаны іске асыру жоспарлануда.