Павлодар облысында ауыл тұрғындары тіркелмеген екі қаруды тапсырды
Өңірде тұрғындардан заңсыз қаруды сатып алу акциясы жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін тапсырылған қарудың түріне және техникалық жай – күйіне байланысты қарудың әрбір бірлігіне 100 АЕК (1 АЕК-3450 теңге) дейінгі сомада ақшалай қаражат төлеу көзделген.
- Мысалы, Успен ауданының аумағында акцияны өткізу кезеңінде аудан тұрғындары ИЖ-17, 16 калибрлі және ИЖ, 16 калибрлі тегіс ұңғылы қарудың екі бірлігін тапсырды. Баллистикалық сараптама тағайындалды. Алдын ала төлем сомасы 140 мың теңгеден асады, - деді Успен аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Александр Семенченко.
Полицияның хабарлауынша, тіркелмеген қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.