Павлодар облысында автокөліктердің техникалық қызметтері қымбаттады

Павлодар облысында автокөліктердің техникалық қызметтері қымбаттады
Фото: istockphoto.com/BartekSzewczyk

Өсім бес пайызды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

EnergyProm сараптамалық порталының мәліметінше, қыркүйекте Қазақстанда автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу көлемі 46,3 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен аймен салыстырғанда 22,5 пайызға, ал былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 61 пайызға жоғары.

Қар түсуімен бірге дөңгелек ауыстыру қызметтерінің бағасы өсті. Биылғы қазан айында ел бойынша бұл қызмет үш пайыз қымбаттаған. Ең жоғары өсім Астанада тіркелді – 29 пайыз. Сондай-ақ, бағаның айтарлықтай өсуі Павлодар өңірінде және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды: тиісінше бес пайыз және 5,3 пайыз.

Жыл қорытындысы бойынша автокөліктерге арналған техникалық қызметтер ел бойынша он төрт пайыз өсті. Былтыр бұл көрсеткіш он пайыздан астам болған. Баға әдетте екі маусымда – сәуір-мамыр және қазан-қараша айларында көтеріледі.

Айта кетейік, аймақ бойынша көліктерге техникалық қызмет көрсететін төрт жүзден астам орталықтар жұмыс істейді.