Павлодар облысында балабақшада қызылша анықталды
Өңірде қызылша жұқтырды деген күдікпен үш адам тіркелді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, оның ішінде зертханалық зерттеу бойынша бір жағдай расталды, екі жағдай теріс нәтиже көрсетті.
– Облыста 6-17 наурыз аралығында қызылша жұқтырды деген күдікпен тіркелген үш адамның біреуі – мектеп жасына дейінгі бала. Ауру анықталған жағдайда 21 күнге карантин жарияланады. Мысалы, балабақшада карантин енгізілсе, екпе алған балалар балабақшаға бара береді, дегенмен бақылауға алынады. Екпе алған балалар вакцина алуға және үйге жіберіледі, – дейді жұқпалы және паразиттік ауруларды бақылау эпидемиология бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетова.
Департамент ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда ҚР бойынша қызылшаның 80 жағдайы тіркелген. Оның ішінде күдікті жағдайлардың 90% – 14 жасқа дейінгі балалар. Жалпы елдегі жағдайға келетін болсақ, жағдай шиелене түсті. Өйткені Ресей Федерациясы мен Тәжікстанда, Түрікменстанда қызылшаның өршуі тіркелген, сондықтан Қазақстанда да сырқаттанушылық өсуде. Осыған байланысты қазір қызылша, қызамық және паротитке қарсы иммунизациялау науқаны басталды.
– Бұрын вакцина алмаған 17 жасқа дейінгі балалар мен 55 жасқа дейінгі қызметкерлер екпе алады. Себебі, медициналық қызметкерлер қызылша ауруына шалдыққандармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сондықтан республикалық деңгейде барлық бастапқы медициналық санитарлық көмек қызметінің қызметкерлеріне екпе салу туралы шешім қабылданды, – дейді Гүлмира Құлмағамбетова.
Айта кетерлігі, соңғы бес жылда елімізде екі қызылша эпидемиясы тіркелген: 2015 жылы - 2340 жағдай зертханалық расталды, 2019 жылы - 13326 зертханалық және 3545 клиникалық жағдай расталды.