Павлодар облысында балалар лагерінің санитарлық қауіпсіздігі бақылауға алынды

Павлодар облысында балалар лагерінің санитарлық қауіпсіздігі бақылауға алынды
Фото: Константин Шелков

Жазғы демалыс маусымы қарсаңында өңірдегі балаларды сауықтыру ұйымдарында санитарлық талаптарды сақтау күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Балалар лагерьлері эпидемиялық маңызы жоғары нысандар қатарына жатады. Сондықтан олардың қызметіне санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда ғана рұқсат беріледі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова санитарлық қорытынды беру мемлекеттік қызмет арқылы жүзеге асырылатынын айтты. Өтініш электрондық үкімет порталы арқылы қабылданады, ал құжаттарды қарау мерзімі 13 жұмыс күнін құрайды.

Жазғы маусым басталғанға дейін лагерьлерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілердің жұмысы тексеріледі. Сонымен қатар ауызсу жүйелері тазартылып, залалсыздандырылады, су сапасына зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында дезинфекция, дезинсекция және дератизация шаралары қолға алынған. Лагерьлерде тек медициналық тексеруден әрі гигиеналық даярлықтан өткен қызметкерлерге жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

Мамандар балалардың тамақтануын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлуде. Азық-түлікті сақтау талаптары, тағам дайындау барысы және ауызсу режимі тұрақты бақылауда болады.

Қазіргі уақытта сегіз балаларды сауықтыру ұйымы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға өтініш берген. Оның ішінде Тереңкөл ауданындағы оқушылар үйі жанындағы лагерь қажетті рұқсат құжатын алған.

– Өткен жылы барлық лагерьлер балаларды қабылдауға дейін қорытындысын алды. Ешқандай төтенше жағдай тіркелген жоқ. Биыл да ұйымдар жоспарлы бақылаудан өтеді, – деді  Гүлнар Ақылбекова.

Айта кетейік, биыл 356 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп, онда 38 мыңнан астам баланың жазғы демалысы ұйымдастырылады.

Автор: Аққу Самсен