Павлодар облысында балықшы жазаланды
Ол тыйым салынған аумен балық ауламақ болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық тәртіп сақшылары «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында құқық қорғау органдары заңсыз аң аулау, балық аулау және табиғатты қорғау заңнамасының өзге де талаптарын бұзу фактілерінің алдын алуға және жолын кесуге бағытталған профилактикалық және рейдтік іс-шарасын жүргізуде.
Полицейлер су қоймаларын, жағалау аумақтарын, дала аймақтарын және жануарлар дүниесі нысандарын заңсыз аулау фактілері орын алуы мүмкін басқа да жерлерді тексеруде. Азаматтардың аң аулау және балық аулау бойынша белгіленген талаптарды сақтауына, қажетті рұқсат құжаттарының болуына, сондай-ақ рұқсат етілген құралдар мен тәсілдерді пайдалануына ерекше назар аударылуда.
– Мысалы, М.Омаров ауылы маңындағы Ертіс өзенінің жайылмасында құқық қорғау органдары балық аулауға арналған ауды пайдаланып, балық аулау ережелерін өрескел бұзған ер адамды анықтады. Ол тыйым салынған құралдарды немесе балық аулау тәсілдерін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Ержан Мүрсәлімов.
Полиция аң аулау және балық аулау ережелерін сақтау барлық азаматтар үшін міндетті екенін еске салады. Жануарлар мен су биоресурстарын заңсыз аулау қоршаған ортаға зиян келтіреді және құқық бұзушылықтың сипатына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.