Павлодар облысында басым спорт түрлерінің өңірлік тізбесі бекітілді

Тізімге олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және ұлттық спорт түрлері кірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, өңірде дамыту бойынша жұмыстар жүргізілетін бағыттарды қаржыландыру үшін 36 спорт түрі анықталды.
– Өңірлік тізбені қалыптастыру кезінде климаттық ерекшеліктер, инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық мүмкіндіктер, спорт мектептері мен резервтерінің болуы, спорттық дәстүрлер, сондай-ақ жергілікті спортшылардың халықаралық деңгейде көрсеткен нәтижелері ескерілді. Бұл тәсіл күш-жігерді Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазия ойындары сияқты кешенді жарыстарға дайындыққа шоғырландыруға, өңірдің нақты мүмкіндіктеріне сәйкес спортты дамытудың ашық жүйесін қамтамасыз етуге, кадрлық және жасөспірімдер резервін нығайту мен спорт нысандарын қолдауға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Тізбе Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен республикалық деңгейдегі басым 46 спорт түрінің тізбесіне сәйкес жасалды. Павлодар облысының басым тізіміне 13 жазғы олимпиадалық, төрт қысқы олимпиадалық, бір паралимпиадалық, екі паралимпиадалық емес, бес сурдлимпиадалық және 11 ұлттық спорт түрі кірді.
Өңірлік тізімге батуттық гимнастика, бокс, велосипед спорты (тас жол), еркін күрес, жеңіл атлетика, жүзу, көркем гимнастика, классикалық волейбол, гандбол, тау велосипеді, оқпен ату, үстел теннисі, футбол, биатлон, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы (паралимпиадалық), фристайл (акробатика), пара пауэрлифтинг, дзюдо, таеквондо, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шахмат (паралимпиадалық емес), аударыспақ, асық ату, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жекпе-жек, жамбы ату, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ және тоғызқұмалақтың (паралимпиадалық емес) түрлері енді.
– Басым спорт түрлерінің тізіміне кірмеген спорт түрлеріне де көңіл бөлініп, жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Өңірлік тізбелер спорттық нәтижелердің серпінін, халықаралық бағдарламалардың өзгерістерін және кешенді жарыстардың күнтізбесіне енгізілетін жаңа бағыттарды ескере отырып, жыл сайын қайта қаралады. Тізімге енбеген спорт түрлері бұқаралық спорт қағидаты бойынша дамиды, – деді басқарманың баспасөз қызметі.
Ведомствода атап өткендей, басым спорт түрлерінің өңірлік тізбелерін қалыптастыру – «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңартылған Заңы шеңберінде Туризм және спорт министрлігі іске асыратын кешенді реформаның бір бөлігі. Реформа саланы басқарудың тиімділігін арттыруға және спортшыларды даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған.