Павлодарлық ұстаздар бір күнге садақшыларға айналды

Павлодарлық ұстаздар бір күнге садақшыларға айналды

Олар мергендік қабілеттерін сынап көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Дәстүрлі садақ атудан мектеп педагогтары арасында екі күндік қалалық турнирді «Жігер» балалар жасөспірімдер клубы ұйымдастырды. Жарыста 50-ге жуық мектептің 54 ұстазы мергендігін сынады. 

Турнир дәстүрлі садақ ату ережелерін сақтай отырып, жеке форматта өтті. Ұлттық киім киген қатысушылардың дәлдікпен 10 метр қашықтықтан нысанаға дәл түсу міндеті тұрды.

Нәтижесінде ерлер мен әйелдер арасындағы жеке біріншілікте ең мықты мергендер анықталды.

9 желтоқсан күні ерлер арасында өткен сында бірінші орынды №24 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Мереке Дүйсенов, екінші орынды №48 жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Дәурен Жүнісхан, ал үшінші орынды №35 орта мектептің мұғалімі Аманжол Джамбусинов иеленді. 

Осындай жарыста тәжірибесі мол ұстаздардың бірі  – Дәурен Жүнісхан. Педагог қосымша бос уақытында ұлттық спорт – дәстүрлі садақ ату үйірмесінде балаларға сабақ жүргізеді. Ол жеті жастан он төрт жасқа дейінгі балаларды жаттықтырып келеді.

– Жалпы садақ атумен айналысқаныма екі-үш жылдай уақыт болып қалды. Талай жарыстарға бардық. Биыл қалалық мұғалімдердің деңгейі біршама көтерілді. Алдыңғы жылдардағыдай ата салып, орын алып кету деген жоқ. Әркім өзінің садақ оғымен шынайы дайындықпен келді. Жарыстарға дайындық керек деп санаймын, – деді №48 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Ал 10 желтоқсан күні әйелдер арасында өткен сайыста бірінші орынды №48 орта мектептің география пәні мұғалімі Үмітжан Қасен, екінші орынды №21 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айгерім Рамазан және үшінші орынды №5 жалпы білім беру орта мектебінің ұстазы Марина Рыбкина иеленді. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар берілді. 

Бас судья Аман Егінбай қатысушылардың тек дәлдікті ғана емес, дәстүрге деген терең құрметін де көрсеткенін атап өтті. Турнирді ұйымдастырушы Денис Морозов осындай іс-шаралар арқылы мәдени тамырларды сақтаудың маңыздылығын көрсетті деп ойлайды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ЖІГЕР | ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ | ДОСУГ (@zhiger_ortalygy)