Павлодар облысында бензовоздан өрт шықты
Зардап шеккендер бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін «101» пультіне Павлодар қаласының Жаңаауыл ауылында орналасқан ЖШС аумағында бензовоздың өртенгені туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт цистернаға бензин құю кезінде шыққан.
Оқиға орнына жедел түрде ТЖД бөлімшелері, сондай-ақ ТЖМ апаттар медицинасы орталығының бригадасы жіберілді. Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт қысқа мерзімде сөндіріліп, оттың көршілес нысандарға таралуына жол берілмеді.
- Күйік жарақатымен ЖШС-нің 1969 жылы туған қызметкері медициналық мекемеге жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы мен шығу себептері анықталуда, - делінген хабарламада.
Төтеншеліктер жанар-жағармай материалдарымен жұмыс істеу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.