Павлодар облысында заңсыз алкоголь сатқан кәсіпкерлер лицензиядан айырылды

Полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 100-ден астам дерегін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық бұзушылар алкогольге қарсы заңнаманы білсе де, пайда табу мақсатында заңсыз әрекеттерге барған.
– Мәселен, Павлодар қаласындағы рейд барысында Катаев көшесінде орналасқан «Шатс» дүкенінде 21 жасқа толмаған адамға спирттік ішімдік сату фактісі анықталды. Нәтижесінде дүкен иесіне айыппұл салынып, сот шешімімен лицензиясынан айырылды. Сол сияқты, Қамзин көшесіндегі көтерме және бөлшек сауда дүкенінің бутигінде алкоголь өнімін сату фактісі тіркелді. Жеке кәсіпкерге 157 мың теңгеден астам айыппұл салынып, лицензиясы екі ай мерзімге тоқтатылды. Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі «Ешь мясо», Академик Сәтбаев көшесіндегі «Налив», сондай-ақ Олжабай батыр көшесіндегі «Гараж» дүкендерінде де 21 жасқа толмағандарға спирттік ішімдіктер сатылғаны анықталды. Барлық фактілер бойынша дүкен иелеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, – делінген хабарламада.
Бұл дүкендердің иелері бұған дейін де дәл осындай заңбұзушылық үшін жауапқа тартылған. Сол себепті биыл олар 80 айлық есептік көрсеткіш (314 560 теңге) көлемінде айыппұл төледі және алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензияларынан айырылды.
Бұдан бөлек, «Корона», «Артем», «Лакомка», «Пиваварум», «Көк Жолбарыс», «Бир» дүкендерінде де алкогольге қарсы заңнаманы бұзу деректері анықталып, құқық бұзушыларға айыппұл салынып, лицензиялары бір айға тоқтатылды.
Полиция департаменті 21 жасқа толмағандарға спирттік ішімдіктер сату, сондай-ақ рұқсат етілмеген уақытта алкоголь өнімдерін саудалау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Бұл ретте этил спиртінің көлемдік үлесі 30 пайыздан асатын өнімдерге қатысты талаптар күшейтілген.
Заң бойынша жеке тұлғаларға — 20 АЕК-ке (78 640 теңгеге) дейін, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 180 АЕК-ке (707 760 теңгеге) дейін айыппұл салынады. Сонымен қатар, лицензияны уақытша тоқтата тұру немесе одан айыру шаралары қолданылады.