Павлодар облысында биыл екі мектеп пайдалануға беріледі
Облыс орталығында 2023-2025 жылдары 5 мектеп салу жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгін облыс әкімдігінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қатысуымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. ⠀
Облыс орталығында 2023-2025 жылдары 5 мектеп салу жоспарланған. Екі мектеп биыл пайдалануға беріледі. Олар «Достық» шағын ауданында 1200 орындық және Гагарин көшесінде 600 орындық №47 ЖОМ. ⠀
Жобаны іске асырудың екінші кезеңінде, яғни, 2025 жылы тағы 3 мектеп ашылады. Білім ошақтары оқушы орындарының негізгі тапшылығы бар «Жастар», «Усолка» шағын аудандарында және тағы бір мектеп «Шығыс» шағын ауданында бой көтереді.
⠀Кездесуде нысандарды салу және сыртқы инфрақұрылымды жүргізу бойынша бірқатар мәселелер талқыланды. ⠀
- Ұлттық жоба өзінің ауқымы мен маңыздылығы бойынша бұрын-соңды болмаған. Біздің міндетіміз - барлық нысандарды жер учаскелерімен және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, - деп атап өтті Асайын Байханов. ⠀
Өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдарға ұлттық жобаны іске асыруға байланысты барлық мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Құрылыс, білім басқармаларына, Павлодар қаласының әкімдігіне, облыс әкімдігінің жобалық кеңсесіне тұрақты түрде мониторинг жүргізу тапсырылды.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев