Ақсуда құрылысы ұзаққа созылған көпқабатты үй пайдалануға берілді
Нысан екі жыл бұрын салынып, тапсырылуы керек болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күшімен Хиуаз Доспанова көшесі, 34 мекенжайындағы 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
– Жоба 2021 жылдан бастап іске асырылуда, келісімшартқа сәйкес бастапқы аяқталу мерзімі 2022 жылдың ақпанына белгіленген. Алайда, құрылыс жұмыстары басталған сәттен бастап нысанды тапсыру мерзімі бірнеше рет бұзылды, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет баспасөз қызметінде.
Құрылыс барысын жедел бақылау үшін жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері еріктілермен бірлесіп нысандарға барып, проблемалардың шешілуіне ықпал етті.
Бүгінгі таңда үй сәтті пайдалануға берілді. Қала тұрғындарын қоныстандыру процесі жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, былтыр павлодарлық Антикор проблемалық 10 нысанды бақылауға алған болатын. Тізімнің ішіне Хиуаз Доспанова көшесі, 34 мекенжайындағы көпқабатты үй кірген еді.