Павлодар облысында бизнеске заңсыз тексеріс жүргізген шенеуніктер жазаланды
Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов кәсіпкерлер мен құзырлы орган қызметкерлері арасында жиын өткізді. Кәсіпкерлер палатасында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері бизнес қауымдастықпен кездесті.
2024 жылдың 1 қаңтарында Мемлекет басшысы 2019 жылы шағын және орта бизнесті тексеру бойынша қабылданған мораторий аяқталды.
– Жыл басынан бері өңірде 1732 тексеріс тіркелді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51 % артық. Оның ішінде 750-і-жеке кәсіпкерлікке қатысты тексерістер 23 % өсті, – деді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің бөлім басшысы Асхат Қарашашев.
Бизнес субъектілеріне қатысты ең көп тексерулерді мемлекеттік кіріс органдары, еңбек басқармасы, сондай-ақ сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жүргізді. Биыл 540 тексеру аяқталды. Нәтижесінде бизнес субъектілерінде 345 бұзушылық анықталған.
– Кәсіпкерлердің құқықтарын мемлекеттік бақылау, қадағалау органдарының олардың қызметтеріне негізсіз араласуынан қорғау – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Департамент жарты жыл ішінде тексерулерді тіркеуден бас тарту туралы алты қорытынды шығарды. Мысалы, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаментінде тексеру үшін негіз дұрыс болмаған. Павлодар қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы заңнама талаптарын бұзғаны анықталды. МСҚБ тексеру мерзімінен асып кетті. Біз осы фактілердің барлығына әрекет ету актілерін енгіздік, лауазымды тұлғалар жазаға тартылды, – деп атап өтті Асхат Қарашашев.
Сонымен қатар, басқарма кәсіпкерлікке қатысты жүргізілген үш заңсыз тексерісті анықтады. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өз бизнесіне қатысты ашылған тексерулер туралы сұрақтар қойды. Әр жағдайда департамент өкілдері толық жауап берді.