Павлодар облысында боранға тап болған жолаушылар жылыту пунктіне жеткізілді
Оларға медициналық көмек қажет болмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қаңтарда ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Павлодар-Успен-Ресей Федерациясының шекарасы автожолы жабылды.
– Успен ауылында ашылған аграрлық-техникалық колледж жатақханасы базасындағы жылыту пунктіне 13 адам орналастырылып, ыстық шаймен қамтамасыз етілді, – деді департаментте.
Сондай-ақ сағат 20:57-де Павлодар-Қызылорда автомобиль жолының Бозшакөл станциясы мен Қарағанды тас жолы арасындағы учаскесінде көлік тоқтап қалып, адамдарды эвакуациялау қажет екендігі туралы хабарлама түскен.
Шақырту түскен жерге шыққан Шідерті кенті № 14 өрт сөндіру бекетінің бастығы жол жиегінен өшіп қалған Hyundai көлігінің жүргізушісі мен жолаушыларын эвакуациялап, жол бойындағы дәмханаға жеткізді. Оларға ыстық тамақ және жылыту пунктінде орын ұйымдастырылды.
Павлодар облысы бойынша жылыту пункттерінде барлығы 78 адам болды.