Павлодар облысында қарыз үшін 30 шақты автокөлік айып тұрағына қойылды
Бұл іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері Павлодар облысында борышкерлердің 27 автокөлігі айып тұрағына қойылды.
Іс жүзінде кейбір тұрғындар салықтар, коммуналдық қызметтер, алимент, айыппұл сияқты қарыздарын төлеуден жалтарады. Тіпті, сот үкімінен кейін де адамдар қарыздарын қайтаруға асықпайды, алайда сот үкімін орындамағаны үшін қолданыстағы заңнамада қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
– Мәселен, Тереңкөл ауданында көлік салығы бойынша борышкерлерді, сондай-ақ оларға қатысты жеке сот орындаушыларының қаулылары бар әкімшілік айыппұлдарды төлемейтін тұрғындарды анықтау бойынша бірлескен кезекті рейд өтті. Оған Тереңкөл ауданы полиция бөлімінің әкімшілік полиция қызметкерлері және Павлодар жеке сот орындаушыларының өңірлік палата филиалының жеке сот орындаушылары қатысты, – дейді департаментте.
Рейд барысында айыппұл төлеуден жалтарған екі ауыл тұрғынының автокөліктері мамандандырылған айып тұрағына қойылып, тұрғылықты жері бойынша 15-тен астам борышкер тексерілді. 51 мың теңгеден астам сомаға айыппұл өндірілді.