Павлодар облысында бюджет пен абаттандыру мәселелері қаралды

Павлодар облысында бюджет пен абаттандыру мәселелері қаралды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облыстық мәслихатының VIII шақырылымдағы ХХІХ кезекті сессиясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиынға 32 депутаттың 25-і қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелерді қарады.

Сессия жұмысына облыс әкімі Асайын Байханов, облыс әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары, қала және аудан әкімдері, облыстық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Күн тәртібіне енгізілген негізгі мәселелердің бірі 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу болды. Бұл мәселе бойынша облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук баяндама жасап, ұсынылған түзетулердің өңірдің басым бағыттарын қаржыландыруға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар, 2013 жылғы 28 маусымдағы «Павлодар облысын басқару схемасы туралы» облыстық мәслихат шешіміне өзгеріс енгізу мәселесі қаралды. Аталған өзгерістер мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіруге және тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сессия барысында елді мекендердегі жасыл желектерге қатысты маңызды құжатқа да түзетулер енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, «Павлодар облысы елді мекендеріндегі жасыл желектерді құру, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар қаралды. Бұл мәселе бойынша облыстың сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бахытжан Әлімғазинов баяндама жасап, жаңа нормалардың қоршаған ортаны қорғау мен қалаларды көгалдандыру сапасын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Бұдан бөлек, «Павлодар облысы қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы» шешімге өзгерістер енгізу мәселесі де талқыланды. Бұл өзгерістер елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға және абаттандыру жұмыстарын жүйелеуге бағытталған.

Сессия қорытындысы бойынша қаралған барлық мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.