Павлодар облысында бір тәулікте мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Павлодар облысында бір тәулікте мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы рейдтер жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өткен тәулікте Павлодар облысының полицейлері 1021 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 433 жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі бойынша анықталса, 6 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарған. 

Павлодар облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьяновтың айтуынша, өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру әлі де жалғасуда. Патрульдік полиция ротасы мен батальонының нарядтары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн сайын қызметке түседі.

– Негізгі назар криминогендік аудандар мен азаматтар көп жиналатын орындарға аударылады. Патрульдік қызмет тәулік бойы жұмыс істеп, тұрғындармен тығыз байланыста болады. Инспекторлар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалап қана қоймай, оқиғаларға бірінші болып әрекет етеді. Қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз етіп, қылмыстарды ізін суытпай ашуға көмектеседі. Барлық құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылды, ал көлік құралдары арнайы тұраққа қойылды, – деді Бәкібай Ахмедьянов.

Басқарма бастығы өңірде құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидаты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда, ал барлық құқық бұзушылар заң алдында міндетті түрде жауап береді.