Павлодар облысында бірнеше автожолда көлік қозғалысына шектеу енгізілді
Қолайсыз ауа райына байланысты өңірдегі бірқатар республикалық маңызы бар жолдарда қозғалыс уақытша шектелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
13 наурыз сағат 19:00-де ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар «ҚХР шекарасы – Майқапшағай –Зайсан – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы» автожолының 426–525 шақырым аралығында (Кенжекөл кенті – Аққулы ауылы) көліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Сонымен қатар осы бағыттағы 426–587 шақырым аралығында (Кенжекөл кенті – Абай облысының шекарасы) да көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Ал 13 наурыз сағат 21:30-дан бастап қолайсыз ауа райына байланысты тағы екі республикалық маңызы бар жолда жолаушылар тасымалдайтын рейстік автобустар мен дизель отынымен жүретін автокөліктердің қозғалысына шектеу енгізіледі.
Шектеу келесі бағыттарда қолданылады:
- «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 0–152 шақырым аралығы (Павлодар қаласы – РФ шекарасы);
- «Павлодар – Шарбақты – РФ шекарасы» автожолының 0–112 шақырым аралығы (Павлодар қаласы – РФ шекарасы).
Қазіргі уақытта республикалық жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына 863 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Жолдарды 14 наурыз сағат 8:00-де ашу жоспарланып отыр.
Қосымша ақпаратты 1403 байланыс орталығы арқылы тәулік бойы алуға болады.