Павлодар облысында демалыс күндері жедел жәрдем шақыру 20 пайызға өскен

Павлодар облысында демалыс күндері жедел жәрдем шақыру 20 пайызға өскен
Фото Константин Шелков

21-25 наурыз аралығында 103 қызметі 3 мыңнан астам шақыруды пысықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мереке күндері дәрігерлерді шақыру саны әдеттегі күндерге қарағанда 15-20% -ға артқан.

- 21-25 наурыз аралығында 103 қызметі 3652 шақыруды пысықтады. Ең көп шақыртулар 24 наурыз күні болды. Яғни 789 қоңырау қабылданды. Біздің медициналық бригадалар барлық мерекелік іс-шараларға қатысып үлгерді. Әрі әдеттегіден екі есе көп көмек көрсетті, - дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ольга Вербовая. 

Мәселен, Павлодарда вегетативті-тамырлы дистония диагнозы қойылған 17 жасар қызға, ал Екібастұзда иық дислокациясын алған 16 жасар балаға шұғыл көмек қажет болды. Бес күн ішінде барлығы 550 науқас ауруханаға жеткізілді, олардың 481-і ауруханаға жатқызылды.

Сонымен қатар, бес демалыс күнде 103 қызметі бес рет ЖКО-ға байланысты шұғыл көмекке аттанды. Мысалы, 21 наурызда Павлодар - Семей тас жолында екі көліктің соқтығысуы нәтижесінде 64 жастағы ер адам түрлі дене жарақатын алған. Ол Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізілді. Сол күні Екібастұзда болған апаттан 33 жастағы ер адам зардап шекті. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол ауруханаға жатудан бас тартты. 

23 наурызда 103 қызметкерлері Павлодарда екі жол-көлік оқиғасын пысықтады. Бірінші жағдайда, көлік соқтығысқаннан кейін 13жастағы жасөспірім жарақат алса, екінші оқиғада 20 жастағы жас жігіт зардап шекті. 

25 наурызда облыс орталығында болған апаттан кейін 33 жастағы ер адам Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізілді. Жол апаты болған әрбір жағдайда медициналық бригада оқиға орнына 3-10 минутта жетіп отырды.