Павлодар облысында егін мен мал шаруашылығына жаңа технологиялар енгізілуде
Ғалымдар суды үнемдеп, өнімділікті арттыруды көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде су шығынын азайтып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Торайғыров университетінің зерттеушілері ауыл шаруашылығына жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізіп, ғылыми әзірлемелерді өндіріспен ұштастыруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру аясында ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінде қолға алынған.

Биотехнология кафедрасының докторанты Ұлан Тілеубектің айтуынша, ғылымның басты міндеттерінің бірі – зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдану.
– Қазіргі таңда ЖИ мен цифрландыру ауыл шаруашылығының дамуына жаңа мүмкіндіктер береді. Мәселен, өсімдік шаруашылығында суару кезінде қанша тонна су жұмсалатынын, шығын көлемін және өнімділікті цифрлық құралдар арқылы талдауға болады. Ал мал шаруашылығында ет пен сүт өнімділігін арттыру жолдарын зерттеуге мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз – ғылыми нәтижелерді шаруашылықтарға енгізіп, олардың тиімділігін көтеру, – деді ол.
Факультет деканының академиялық қызмет және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әйгерім Бейсенбайдың сөзінше, қазір мұнда 750 студент білім алады. Олардың қатарында 30 магистрант пен 10 докторант бар. Бакалавриат деңгейінде тоғыз білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Соның үшеуі – агроэкология, агробизнес және технология, азық-түлік өнімдері мен тағам инженериясы – инновациялық бағыттарға жатады.
Бұдан бөлек, келесі жылы «Агрономия және агроэкологиялық инженеринг» атты жаңа білім беру бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Оның аясында болашақ мамандар агроөнеркәсіп кешеніндегі процестерді бағалауды, цифрлық технологияларды пайдалануды және заманауи шешімдер әзірлеуді меңгереді.
– Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізе алатын мамандар қажет. Факультеттің негізгі мақсаты – цифрлық құралдарды нақты өндірістік мәселелерді шешуге қолданатын кадрлар даярлау. Университет оқытушылары ChatGPT Edu платформасына қол жеткізеді. Ендігі міндет – оны бейіндік пәндерге енгізу. Мысалы, болашақ мамандар ЖИ көмегімен өнімділіктің төмендеу себептерін анықтап, шаруашылықтың рентабельділігін арттыруға қатысты ұсыныстар әзірлей алады, – деді Әйгерім Бейсенбай.

Цифрландырумен қатар факультетте топырақ құнарлылығын арттыру, жер мен жайылым ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері де зерттеліп жатыр. Бұл бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі – агрохимиялық зертхананың мүмкіндіктерін кеңейту. Онда топырақтың қышқылдық деңгейі, жылжымалы фосфор, алмаспалы калий, топырақтағы қарашірік мөлшері және нитратты азот мөлшері анықталады. Мұндай талдаулар тыңайтқыштарды ғылыми негізде қолдануға, жер құнарын сақтауға және дақылдардың түсімін молайтуға көмектеседі.

Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультеті деканының ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Жанат Титановтың айтуынша, зерттеушілер алынған нәтижелерді өндіріске енгізуге басымдық беріп отыр.
– Факультет ғалымдары табиғи тыңайтқыш өндіру, күнбағыстың жаңа сортын шығару, өсімдіктердің ауруларға төзімділігін зерттеу және ауру жұқтырмаған картоп өсіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Мал шаруашылығында жылқы, қой және ірі қараның селекциялық қасиеттерін жетілдіру көзделген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу аясында лактоза мөлшері төмен балмұздақ өндіру технологиясы зерттелуде, – деді ол.

Сондай-ақ жоғары оқу орнында жергілікті атқарушы органдармен және бизнес өкілдерімен үшжақты ынтымақтастықты нығайтуға көңіл бөлінген. Мұндағы мақсат – өңір шаруашылықтарының өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыда шешу, әзірлемелерді тәжірибеге енгізу және коммерцияландыру.
Осылайша, университет білім мен ғылымды өндіріс сұранысымен байланыстыруды көздейді. Бұл аграрлық сектордың тиімділігін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған.