Павлодар облысында егістіктен қоймаға дейінгі жұмыс қыза түсті

Павлодар облысында егістіктен қоймаға дейінгі жұмыс қыза түсті
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Өңірдегі алқаптардың басым бөлігі игерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл облыста орақ науқаны былтырға қарағанда екі апта ерте басталып, қарқыны 23 пайызға артты. Жалпы егіс көлемі 1 миллион 548 мың гектарды құрайды. Қазір оның 77 пайызы немесе 1 миллион 190 мың гектары орылды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбековтің айтуынша, дәнді дақылдардың басым бөлігі бастырылды.

– Дәнді дақылдардың 98 пайызы жиналды. Жалпы 782 мың гектар алқаптан 714 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 9,1 центнерді құрады. Көрсеткіштер жақсы. Астықтың натурасы 400-450 грамм, майлылығы 40-44 пайыз аралығында, – деді ол.

Картоптың 98 пайызы, көкөністің 99 пайызы алқаптан шығарылды. Бақша және мал азықтық дақылдар бойынша науқан толық аяқталды.

Майлы дақылдар 325 мың гектар аумақта орылып, 327,2 мың тонна өнім алынды. Орташа түсім гектарына 10 центнерді құрады.

Орақпен қатар келесі жылға арналған жерді әзірлеу де жалғасып жатыр. Бүгінде 190 мың гектар сүрі жер өңделіп, 212 мың гектарда күзгі жырту жүргізілді.

Хамза Оразбековтің сөзінше, науқанға 2286 трактор мен 2367 комбайн тартылған. Техника паркін жаңарту да назарда. Жыл басынан бері облыста 37 миллиард теңгеге 1222 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Оның 575 бірлігі 21,9 миллиард теңгеге лизинг арқылы алынған. Жаңа машиналардың арасында 409 трактор және 55 астық жинайтын комбайн бар.

Егінді сақтауға арналған жалпы сыйымдылығы 277 мың тонна болатын алты лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны бар. Сонымен бірге, шаруалардың иелігінде жалпы көлемі 912 мың тоннаға жететін 263 қойма жұмыс істейді.

Элеваторларға жаңа өнімнің 27,4 мың тоннасы қабылданды. Оның 16,4 мың тоннасы бидай, 5,3 мың тоннасы арпа.

– Картоп пен көкөністерді сақтауға арналған 160 қойманың жалпы сыйымдылығы 628 мың тоннаға жетеді. Биыл құны 3,5 миллиард теңге болатын, жалпы сыйымдылығы 37 мың тонна үш жаңа көкөніс қоймасы пайдалануға берілді, – деді басқарма басшысы.

Науқанға 31,7 мың тонна дизель отыны бөлініп, бұл шаруалардың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Қазір тауар өндірушілер 28 мың тоннаға өтінім берген, оның 19 мың тоннасы жеткізілді.

Қыркүйекте арзандатылған дизель отынының литрі 276 теңгеден сатылды. Бұл нарықтағы бағадан 64 теңгеге немесе 19 пайызға төмен.

Астықты кептіруге қосымша 2080 тонна жанармай қарастырылды. Бөлінген көлемге шаруалар толық өтінім берген.

Қысқа дайындық кезінде 491 мың бас ірі қара, 652 мың қой мен ешкі және 316 мың жылқы қамтылады. Барлығы 727 мың шартты мал басын құрайды.

Мал азығын әзірлеу жоспары да толық орындалды. 1 миллион 320 мың тонна шөп шабылып, оның 70 пайызы немесе 921 мың тоннасы сақтау орындарына жеткізілді. Бұған қоса 112 мың тонна пішендеме, 242 мың тонна сүрлем және 326 мың тонна сабан дайындалды.

Басқарма мәліметінше, орақ науқаны мен қысқа қажетті жем-шөп қорын қалыптастыру барысы тұрақты бақылауда.