Павлодар облысында екі республикалық маңызы бар жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр
Жалпы ұзындығы 90 шақырымнан астам учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жолдардың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарға 145 арнайы техника мен 145 маман жұмылдырылған.
«KAZ-04 Астана – Шідерті – Павлодар – Успен– РФ шекарасы» автожолының 230,544–253,120 шақырым аралығындағы учаскесінде жөндеу жалғасуда. Жобаның жалпы ұзындығы – 22,576 шақырым.
– Бүгінде мұнда 22,4 шақырым жол негізі суық жону әдісімен нығайтылып, дәл осындай ұзындықта ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасының төменгі қабаты төселді. Сонымен қатар, 0,2 шақырым жол жабыны жонылған, – деді ҚР автокөлік жолдарының ұлттық операторы Павлодар облысы бойынша филиалында.
Жұмыстарға 46 маман және 29 бірлік арнайы техника тартылған.
Ал «KAZ20 Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара» автожолының бірнеше учаскесінде жалпы ұзындығы 67,9 шақырым болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жолда 10,8 шақырым ескі жабын жонылып, 31 шақырым жол негізі суық жону әдісімен нығайтылған. 29,4 шақырымда ірі түйіршікті асфальтбетонның төменгі қабаты, ал 41 шақырымда майда түйіршікті асфальтбетонның жоғарғы қабаты төселді.
Сондай-ақ 64 335 шаршы метр жол жиегі нығайтылып, бір су өткізгіш құбыр толық қайта орнатылды.
Бұл учаскедегі жұмыстарға 99 маман мен 44 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Жауапты мекеменің мәліметінше, екі нысандағы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жобалар толық аяқталғаннан кейін жолдардың көлік-пайдалану көрсеткіштері жақсарып, Павлодар облысындағы көлік қатынасының қауіпсіздігі мен тиімділігі артады.