Павлодар облысында екі нотариус заң бұзып, лицензиядан айырылды

Павлодар облысында екі нотариус заң бұзып, лицензиядан айырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктермен сөз байласып, жұмыс істеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық прокуратурасының мәліметінше, өңірде нотариустардың атқарушылық жазбаларды рәсімдеу кезінде заңды жаппай бұзғаны анықталды. Атқарушылық жазба – талаптардың даусыз болған жағдайда ғана қолданылатын қарыз өндірудің жеңілдетілген тетігі. Оны рәсімдеу үшін борышкер өзінің міндеттемені орындамағанын жазбаша түрде мойындауы қажет, бұл факті нотариуспен куәландырылады.

– Алайда тексеріс көрсеткендей, бұл талаптар жүйелі түрде еленбеген. Талдау барысында облыс аумағында екі нотариустың 20 мыңнан астам атқарушылық жазба жасағаны анықталды. Олардың біреуі 15 мыңнан астам жазбаны қандай да бір шартсыз, қарыздың есебінсіз және азаматтардың жазбаша қарыз мойындау хатынсыз рәсімдеген. Мұндай құжаттарды жасау микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктермен сөз байласу арқылы жүзеге асқан, – деді прокуратураның баспасөз қызметінде.

Нәтижесінде облыс тұрғындары заңсыз ақша өндіру және несие тарихының нашарлауы сияқты жағдайларға тап болды. Заңсыз негізде атқарушылық жазбалардың жаппай жасалуы азаматтардың өз құқықтарын уақытылы қорғау мүмкіндігінен айырады. Тексеріске сәйкес прокуратура ұсыным енгізіп, нотариустар лицензияларынан айырылды.