Алматыдан – Аққулыға: Тарихшы сабақты оқиғаның ортасында болғандай өткізеді

Алматыдан – Аққулыға: Тарихшы сабақты оқиғаның ортасында болғандай өткізеді

Майгүл Хабдуллина тарих пәнінің ұлағатты мұғалімі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

1990 жылы Аққулы ауданының Мерғалым ауылындағы Б. Уахатов атындағы жалпы орта білім беру мектебінде еңбек жолын бастаған. Содан бері аталған білім ордасында өмірінің 35 жылы өткен. 

Ұлағатты ұстаз Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім алған. Тіршілігі қайнаған әсем қала бойжеткенді бірден баурап алады. Дегенмен, арман қуған жас маман оқуын аяқтағаннан кейін үлкен шаһарда алған білімін алыс ауылдағы балаларға үйретуге бел байлаған. Осылайша  мамандығына адал бола білген ұстаз өскелең ұрпақтың  білімі мен тәрбиесіне, тарихты тереңірек тануына үлес қосып, тынбай еңбек етіп келеді.

Ұстаз тарих – ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына дарытушы пән екенін айтады. Бұл пән арқылы барлық адам баласының басынан өткізген тағдырын, тарихи оқиғаларды білуге болады. Оқушылар тарих қойнауына ойша тереңдеу арқылы ата-бабалары қалдырған мұраларын, кең-байтақ жерлерін дәріптеп, саналарына мектеп жасынан бастап сіңіре бастайды. Сондықтан тарихшы ұстаздардың жас ұрпақты тәрбиелеуде алар орны ерекше. 

– Оқушыларыма тарих пәнін оқыту арқылы ұлтымыздың жүріп өткен жолын, қайғысы мен мұңын, қуанышы мен жетістіктерін түрлі деректер арқылы саналарына сіңіріп, бүгінгі күнмен салыстыра отырып сабақ өткізгенді жөн санаймын. Сабағымнан әр баланың ой түйіп шыққанын қалаймын. Бұл ретте, менің сабағымды сүйіп, жақсы оқыған, қазіргі таңда әр салада бір биікті бағындырған оқушыларымды мақтан етемін, – дейді Майгүл Хабдуллина. 


Тәжірибелі ұстаздың оқушылары түрлі сайыстар, ғылыми жобалар мен  олимпиадаларға қатысып, аудан, облыс, республика көлемінде әрдайым жеңімпаздар қатарында. 

– Менің сабағымда оқушыларым тарихи оқиғаның ішінде жүргендей сезім қалыптастыруға тырысамын. Қазіргі заман талабына сай оқыту философиясы, олармен сенімді қарым-қатынас орнату әдістері оқушылардың ерекшеліктеріне қарай бейімделеді. Сонымен қатар, сабақ барысында өз шәкірттеріме тақырыпты түсінуге, қорытынды жасауға мүмкіндік беретін тапсырмалар беріп, оларға бағыт-бағдар көрсетіп отырамын. Тек әңгіме түрінде өткізетін сабақтар да болады. Бұл да балалардың ойын еркін түрде жеткізуге, ашық сөйлесуге, жалықтырмауға мүмкіндік береді, – дейді тарих мұғалімі. 

Отбасы мен ұстаздықтың ауыр жүгін қатар алып жүрген ұлағатты ұстаз әрі сүйікті жар бүгінде үш қыз, бір ұлдың аяулы анасы. Анасының жолын қуған тұңғыш қызы ағылшын тілі пәні мұғалімі қызметінде 10 жылдай қызмет етсе, кенже қызы ұстаздық қызметке жаңа қадам басып, білім алуда.  

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Б. Уахатов атындағы жалпы орта білім беру мектебінде 67 оқушы білім алады.