Павлодар облысында емханаларға тіркелу науқаны басталды

Облыс бойынша 30 мекеме тіркеуге дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда дәстүрге айналған халықтың медициналық ұйымды еркін таңдау науқаны басталды. Жыл сайынғы тіркеу бірінші қыркүйектен бастап, бірінші қарашаға дейін өтеді. Осы кезеңде әрбір қазақстандық өзінің тұрғылықты жеріне байланысты бір әкімшілік-аумақтық ішінде қалаған медициналық ұйымына тіркелуге құқылы.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастапқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі үйлестіруші Айгүл Әбілхасанның айтуынша, тіркелу бірнеше тәсілмен жүзеге асады: бірінші кезекте, электронды форматта – eGov порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы. Бұл - ең ыңғайлы әрі жылдам әдіс.
Екінші тәсіл қағаз жүзінде – тек белгілі бір әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін, зейнеткерлер, мүгедектер, заңды өкілдері бар балалар, жетімдер, шетелде туғандар, ерекше қажеттілігі бар балалар, әскери қызметшілер, қарттар үйі мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, ЖОО студенттері ректордың ресми өтініші арқылы. Ал үшінші ретте, поликлиникаға тікелей бару арқылы – егер азамат электронды сервистерді қолдана алмаса, әрбір емханада орналасқан «өзін-өзі қызмет көрсету бұрыштарында» мамандар көмектеседі.
– Өтінішті қарау мерзімі – бір жұмыс күні. Нәтижесінде азаматтың жеке кабинетіне тіркелу туралы хабарлама немесе мотивтелген бас тарту келеді, – деді Айгүл Абылхасан.
Әрбір азамат тек бір медициналық ұйымға тіркеле алады. Жаңа ұйымға тіркелген сәтте бұрынғы емханадан автоматты түрде шығарылады. Айта кететін жағдай, ата-анамен бірге балалар да автоматты түрде тіркеледі.
Емхана тұрғынға жаяу 20 минуттық жерде орналасуы тиіс. Бұл үйге қызмет көрсетуге ыңғайлы болу үшін қарастырылған. Азамат мемлекеттік немесе жеке меншік емхананы өз еркімен таңдай алады.
Айгүл Әбілхасан атап өткендей, жиі қойылатын сұрақтардың бірі – «жаңа емханаға тіркелгеннен кейін қызмет қашан басталады?».
– Егер азаматтар науқаннан тыс уақытта тіркелсе, жаңа емханадан бірден қызмет ала бастайды. Ал дәл осы науқан аясында тіркелген жағдайда қызмет көрсету келесі жылдың қаңтарынан басталады, – деді ол.
Әрбір емхананың өзіне бекітілген учаскесі бар. Азамат қай учаскеге жататынын білмесе, емхананың тіркеу бөліміне немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып анықтай алады.
Егер бір учаскеде халық саны нормативтен асып кетсе мысалы, терапевт учаскесінде 2200 адамнан көп болса, емхана басқа учаскеге немесе басқа ұйымға тіркелуді ұсынады. Бұл – дәрігерлердің шамадан тыс жүктемесін болдырмау үшін жасалған шара.
Қазір Павлодар облысында 30 медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Оның ішінде мемлекеттік емханалар да, жекеменшік орталықтар да бар.