Павлодар облысында ерте дамыту орталықтары ашылды

Павлодар облысында ерте дамыту орталықтары ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жаңа орталықтарда жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға кешенді тексеру мен кеңес беру жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әрбір ата-ана үшін баласының дені сау болғаннан асқан бақыт жоқ. Өйткені қазір психикалық дамуы тежелген, аутист, сөйлеу қабілеті жетілмеген бала  көп. Елімізде нәресте денсаулығына ерекше көңіл бөлініп жатқаны сондықтан. Бұл ретте аймағымызда ерте дамыту және араласу орталықтары жаппай ашылуда.

Жаңа бастама балалардың денсаулығына нәресте кезінен баса назар аударып, ағзадағы ауыр сырқатты ерте анықтауға мүмкіндік береді. Орталықта 5 жасқа дейінгі балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені сәбидің алғашқы жылдарында кез келген өзгерісті ерте байқау оның болашақтағы денсаулығы мен дамуына тікелей әсер етеді.

Жуырда ерте дамыту және араласу орталықтары Павлодар қаласындағы №5 емханада, Екібастұз қаласындағы №2 және №3 емханаларында, Павлодар, Железин, Успен, Май, Ертіс, Шарбақты және Ақтоғай аудандық ауруханаларында ашылды. 

Ақтоғай аудандық ауруханасының бас дәрігері Мәдина Сабырованың айтуынша, орталық құрылымы бірнеше кабинеттен тұрады. 

– Орталықта жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға әмбебап патронаждық бақылау жүргізу бөлмесі, патронаждық медбике кабинеті, тамақтану жөніндегі ресурстық бөлме, аудиологиялық және психофизикалық скрининг жүргізу кабинеті жұмыс істейді. Патронаждық медбике үй жағдайында жүкті әйелдерді 5 қауіп, балаларды 16 қауіп түрі бойынша бақылау жүргізеді. Егер болашақ аналар мен нәрестелердің денсаулығынан қандай да бір ауру белгілері байқалса, медициналық тексеруден өтеді, – дейді Мәдина Сабырова.

Сондай-ақ, ауру түрлері бойынша сала мамандарының қабылдауына жіберіледі. Баланы дамыту кабинетінде сәбидің жүйке жүйесін, психикасын және ұсақ қол моторикасын дамытуға көңіл бөлінеді. Ал тамақтану бөлмесінде аналарға баланың алты айынан бастап қандай қосымша тамақты енгізуге болатыны жөнінде толық кеңес беріледі. Тамақты әзірлеу жолы көрсетіледі. Бұдан бөлек, аналарға баланы дұрыс емізудің тиімді тәсілдері үйретіледі. Аудиологиялық скрининг кезінде үш айлық сәбидің және бір жас, екі жас, үш жас және алты жастағы балалардың есту қабілеті тексеріледі. Педиатрлар мен невропатологтар бала денсаулығын ерекше бақылауда ұстайды.

Әр кабинет заманауи құрылғылармен жабдықталған. Сәбилер үшін арнайы ойын алаңдары да қарастырылған. Патронаждық қызметтік медбикелер әлеуметтік жағдайы төмен, қиын жағдайға тап болған отбасылардың балаларына да дер кезінде көмек көрсетеді. Педиатрлар мен жалпы тәжірибе дәрігерлері бала денсаулығына қатысты сұрақтары бар ата-аналарды уақытылы қабылдайды. Орталықта жұмыс істейтін медицина қызметкерлері арнайы даярлықтан өтеді. Олар ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істеп, кешенді қолдау көрсетеді. 

Атап өтерлігі, Павлодар облысында жалпы саны 16 ерте дамыту және араласу орталығы жұмыс істейді. Бүгінде орталық мамандары төрт мыңға жуық қызмет көрсеткен. Оның ішінде бір мыңға жуық баланың есту қабілеті тексерілсе, 1248 жүкті әйел мен бес жасқа дейінгі балаларға патронаждық қызмет жүргізілген. Тамақтану жөніндегі ресурстық орталықта 112 қыз-келіншек бала күтімі және қосымша тамақ енгізу жөнінде кеңес алған. 

Алдағы уақытта аймағымызда тағы бес ерте дамыту және араласу орталығы ашылмақ. Бастысы, ата-аналар заманауи орталықтардың ашылуына ризашылықтарын жеткізуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ауқымды бастамалары аясында Павлодар қалалық №5 емханада әйелдерге кеңес беру бөлімшесінде қосымша кабинеттер ашылды. Бұл ретте әйелдер қауымына жүктілікті бақылау, алдын алу тексерістері мен диспансерге орналастыру, гинекологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және бақылау, балалар мен жасөспірімдер гинекологының қабылдауы, отбасын жоспарлау мен репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша кеңес беру қызметтері көрсетіледі. 

Емханадағы әйелдер кеңесінің меңгерушісі Ирина Шмакованың айтуынша, заман талабына сай жабдықталған бөлмелер әйелдерге сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Қосымша кабинеттердегі дәрігерлер бекітілген кесте бойынша жұмыс істейді. 

– Елімізде әйелдердің денсаулығына ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Дені сау әйелден денсаулығы мықты бала өмірге келеді, –дейді Ирина Шмакова.

Бөлімше мамандары осы жолда табанды еңбек етіп келеді. Жаңа кабинеттер замануи құрылғылармен жабдықталған. Сапалы қызмет көрсету үшін қажетті жағдай жасалған.