Павлодар облысында есірткіге қатысты ауыр қылмыс жасаған 30-ға жуық азамат ұсталды

Павлодар облысында есірткіге қатысты ауыр қылмыс жасаған 30-ға жуық азамат ұсталды

«Қарасора-2025» операциясының нәтижелері шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Биылғы жылдың 1 маусымынан 31 қазанына дейін өңір аумағында республикалық ведомствоаралық жедел-профилактикалық «Қарасора-2025» операциясы жүргізілді.

– Іс-шараның мақсаты – табиғи тектес есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және ашу, сондай-ақ есірткі құрамдас жабайы өсімдіктердің заңсыз егістері мен өсу ошақтарын анықтап, жою. Операция барысында 120 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды, оның 48-і «аса ауыр» және «ауыр» санатқа жатады, – деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Бұл санаттағы қылмыстарды жасағаны үшін 29 азамат ұсталды. Заңсыз айналымнан жалпы 361 келі есірткі заты тәркіленді, оның ішінде 3 келісі синтетикалық есірткі, ал 357 келі каннабис тектес зат болды.

Мысалы, Павлодар қаласында 61 жастағы ер адам ұсталды. Ол өз ауласында жылыжай орнатып, есірткі құрамдас өсімдіктер өсірген. Тәркіленген қарасора өсімдіктерінің саны – 150 түп, салмағы 30 келіден асады.

Азаматтардың жер учаскелерін тексеру барысында есірткі құрамдас жабайы өсімдіктердің өсуінің 745 фактісі анықталды. Оларды жою бойынша шара қолданбағаны үшін 18 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мониторинг нәтижесінде есірткі туралы тыйым салынған ақпаратты таратуға пайдаланылған 921 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.