Павлодар облысында гір тасын көтеруден облыс чемпионы кім?
Павлодарда гір көтеруден іріктеу жарысы өтті. Бәсекеде 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Успен ауданының тұрғыны Арман Баймолдинов жеңімпаз атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жарыста спортшы салмағы 32 келілік гір тасын 90 рет көтеріп, алтын медаль жеңіп алды.
Спортшы дене шынықтырумен 15 жылға жуық уақыт айналысып келеді. Алғашында волейболға қызыққан ол бес жыл бұрын гір көтеруден бағын сынап көруге шешім қабылдаған. Бүгінде Арман Баймолдинов жарыстарға қатысып қана қоймай, жас ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттап жүр. Ол Темирязев ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

– Спорт күш пен төзімділікті дамытады. Бұл күнделікті өмірде де пайдасын тигізіп, денсаулықты нығайтады. Артымда талай жарыс пен жеңіс бар. Дегенмен қол жеткізген жетістіктеріммен тоқтап қалғым келмейді, – деді чемпион.
Енді спортшы желтоқсан айында Астанада өтетін гір көтеруден Қазақстан чемпионатында Павлодар облысының намысын қорғайтын болады. Бүгінде спортшы дайындығын бұрынғыдан да арттыра түскен.
Фото: Успен ауданының ішкі саясат бөлімі