Павлодар облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан топ ұсталды
Жеңіл жолмен табыс табуды көздеген әккі қулар тоғыз азаматты сан соқтырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Күдіктілер ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, азаматтардың ақшасын заңсыз иемденуге бағытталған келісілген схема бойынша әрекет еткен.
– Полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстады. Бүгінде тергеу барысында тоғыз жәбірленуші анықталды, келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен 40 миллион теңгені құрайды, – деді полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Құқық қорғау органдары қылмыс эпизодтары мен жәбірленушілер санының артуы мүмкін екенін айтады. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайын, күдіктілердің әрқайсысының рөлін және олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция цифрлық технологияларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ алаяқтық схемаларды ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әшкерелеу жұмыстарын жалғастыруда.
Ведомствоның мәліметінше, есепті кезеңде облыста 1337 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға аз.
Киберқылмыстардың алдын алу, алаяқтық схемаларды анықтау және олардың техникалық әрі қаржылық инфрақұрылымын қамтамасыз ететін адамдардың қызметін тоқтату бағытындағы кешенді жұмыстар нәтижесінде оң динамика байқалған.
Сондай-ақ жедел қызметкерлер SIM-карталарды заңсыз іске қосуға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысы бар адамдарды ұстаған. Заңсыз айналымнан 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 абоненттік SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Жалпы, интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен өңірде шамамен 33 адам ұсталған. Олардың арасында үш кәмелетке толмаған жасөспірім бар.
Полиция азаматтарды интернет арқылы қаржылық операциялар жүргізген кезде сақ болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, жеке деректерін, банк реквизиттері мен SMS-кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырады.