Павлодар облысында күзгі аң аулау маусымы басталды
Ереже бұзғандар 3,5 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
31 тамыздан бастап Павлодар облысының бекітілген аңшылық алқаптарында қаз, үйрек және қасқалдақтарды күзгі аулау маусымы ашылды.
Үрлітүп мекемесінің орман күзеті табиғат қорғау заңнамасынын бұзған тұлғаларды анықтау бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
– ҚР аңшылық қағидаларына сәйкес аңшыда әуесқойлық немесе спорттық мақсатта аң аулау үшін келесі құжаттар болуы тиіс: аңшы куәлігі, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасы немесе жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсаттама, атыс қаруын сақтауға және алып жүруге рұқсаттама, аң аулайтын жыртқыш құстармен аң аулау кезінде құстың паспорты, – дейді ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Үрлітүп мекемесінде.
Ертіс өзенінің жайылмасы, яғни мемлекеттік кешенді қорығының аумағында аң аулауға тыйым салынады.
Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ аң аулау қағидаларын бұзу ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы бойынша 18 460 теңгеден 3 692 000 теңгеге дейін айыппұл салуға не әкімшілік құқық бұзушылық заттары немесе құралдары тәркіленіп, екі жылға дейінгі мерзімге аң аулау құқығынан айыруға әкеп соғады, ал жекелеген жағдайларда және қылмыстық жауапкершілік көзделеді.