Павлодар облысында көлік салығын төлемегендерге шара күшейеді
Көлік құралдарына салынатын салықты төлеу мерзімі аяқталуға жақын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, өңірде 147 мыңнан астам автокөлік иесі тіркелген. Олардың меншігінде 222 мыңнан астам көлік құралы бар. Биыл осы көліктер бойынша бюджетке түседі деп күтілетін салық көлемі шамамен 3,8 миллиард теңгені құрайды.
Алайда облыс тұрғындары арасында көлік салығы бойынша берешек те аз емес. Бүгінде 10 919 салық төлеушінің қарызы тіркелген. Жалпы берешек сомасы 651 миллион теңгеден асады.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының жетекшісі Арман Увалиев көлік салығы жыл сайын барлық тіркелген көлік құралдарына есептелетінін атап өтті.
– Көлік салығы барлық тіркелген көлік құралдарына жыл сайын есептеледі. Тек көлік ұрланып, осы факт бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған жағдайда ғана сол кезеңде салық есептеу уақытша тоқтатылады, – деді спикер. – Тәжірибеде жиі кездесетін жағдайлардың бірі – көлікті сенімхат арқылы сату. Кейбір азаматтар көлікті басқа адамға сенімхатпен беріп, бірақ оны ресми түрде тіркеуден шығармайды. Мұндай жағдайда көлік заң жүзінде бұрынғы иесінің атына тіркеліп қалады және салық есептеу жалғасады. Сондықтан көлікті сатқан кезде оны міндетті түрде уәкілетті органда тіркеуден шығару қажет.
2025 жылға есептелген көлік салығын төлеудің соңғы мерзімі – 1 сәуір. Егер осы мерзімге дейін төлем жасалмаса, 2 сәуірден бастап салық төлеушілерге хабарламалар жіберіледі. Оны орындау үшін 30 жұмыс күні беріледі. Егер осы уақыт ішінде берешек өтелмесе, салық органы салық бұйрығын шығарады, ал кейін іс жеке сот орындаушыларына жолданады.
– Салық бұйрығы орындалмаған жағдайда іс жеке сот орындаушыларына беріледі. Бұл кезде негізгі қарыздан бөлек, олардың қызметі үшін үш пайыздан 25 пайызға дейін қосымша төлем өндірілетін болады, – деді Арман Увалиев.
Берешекті өндіріп алу мақсатында мемлекеттік кірістер органдары жеке сот орындаушыларымен және әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізеді. Өткен жылы өңірде 234 рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде 170 миллион теңгеге жуық қарыз өндірілген. Ал биылдың өзінде 11 рейдтік іс-шара өткізіліп, төрт миллион теңгеден астам берешек өтелген.
Салық заңнамасына сәйкес әрбір азамат көлік салығын өз бетінше есептеп, уақытында төлеуі тиіс. Ол үшін Мемлекеттік кірістер органдары арнайы электрондық сервистерді ұсынады. Азаматтар көлік салығын онлайн түрде калькулятор арқылы есептей алады.
Сонымен қатар көлік салығын екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлеуге мүмкіндік бар. Атап айтқанда, төлемдерді Kaspi Bank, Halyk Bank және басқа банктердің қосымшалары арқылы жасауға болады.
Мамандар облыс тұрғындарын көлік салығын уақытылы төлеуге шақырады. Бұл қосымша айыппұлдар мен шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.